Ұлттық қауіпсіздік комитеті OrdaMed басшылығын ұстады
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі фармацевтика саласындағы қылмыстық схемаларды ұйымдастырушыларды анықтау бойынша жұмысты жалғастырып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Медициналық бұйымдарды отандық өндіруді жалған көрсетуге негізделген ауқымды схема әшкереленіп, жолы кесілді.
«OrdaMed» АҚ басшылығы Қазақстан аумағында өз өндірісінің бар екені туралы жалған құжаттарды пайдалана отырып, халықтың әл-ауқаты мен денсаулығын қамтамасыз ету үшін аса қажет 28 атаудағы медициналық жабдықты мемлекеттік емдеу мекемелеріне жеңілдетілген шарттармен жеткізу бойынша заңсыз преференциялар алған. Алайда іс жүзінде дайын медициналық жабдық шетелден жеткізілген. Нәтижесінде мемлекетке 4,5 млрд теңге көлемінде залал келтірілген, - делінген хабарламада.
Тінту шаралары барысында «OrdaMed» АҚ басшылығынан құны 1 млрд теңгеден асатын инвестициялық монеталар тәркіленді, «Interdentica», «Erkin Brand» және «OrdaMed» компанияларындағы қатысу үлестері тыйым салынған.
Сот санкциясымен «OrdaMed» АҚ-ның техникалық директоры, бұрынғы басқарма төрағасы және өндірістік басқарма басшысы қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, - деп ескертті ҰҚК.
Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті 20 қылмыстық топтың өкілдерін ұстаған еді.