Ұлттық парктер. Экотуризм және демалыс мәдениеті
Қазақ даласы – экотуризмнің отаны деуге болады. Біздің елде табиғаттың адам баласы тамашалауына болатын барлық таңғажайыбы бар, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Туризмді, әсіресе экотуризм мен этнотуризмді дамытуға экономиканың маңызды саласы ретінде баса мән беру қажет» деген болатын.
Олай болса, бүгінгі әңгімеде еліміздің экотуризм бойынша мүмкіндіктеріне шолу жасап көрмекшіміз.
Қазір бүкіл әлемде туризм экономиканың маңызды саласына айналды. Біз де еліміздің туризм индустриясын дамытуға баса мән беріп отырмыз. Бұл ретте, Маңғыстаудың алатын орны айрықша. Оның ең ұтымды тұсы – Каспий теңізінің жағасында орналасуы. Соның арқасында жағажай туризмін дамытуға мол мүмкіндік бар. Ақтауда іске асырылып жатқан «Жылы жағажай» инфрақұрылымды дамыту жобасы аяқталып келеді. Үкімет туризм саласындағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруы керек – деді Мемлекет басшысы Маңғыстау облысы тұрғындарымен кездесуінде.
Дәл бүгінгі таңда Қазақстанда жалпы ауданы 2,7 миллион гектар болатын 14 ұлттық парк бар. Бір қарасаңыз әр облыста бір ұлттық парк бар деуге болады.
Соңғы жылдардағы статистика туристер санының өскенін көрсетеді. Мәселен, былтыр ұлттық парктерге келген саяхатшылар саны шамамен 1,5 млн адам болған. Бұл 2020 жылға қарағанда 40 пайызға жоғары. 2020 жылы небары 892,6 мың адам ғана болған. Әрине, бұны сол кездегі пандемияның өршіп кетуімен де байланыстыруға болады.
Ұлттық парктер аумағында халықаралық тәжірибені ескере отырып, жаңа маршруттар және соқпақтар салу арқылы экотуризм дамып келеді. Бұл ретте заманауи визит-орталықтар, глэмпингтер, кемпингтер, қазақ-этноауылдар мен керуен-сарай салу жоспарланған. Осыған байланысты, барлық ұлттық табиғи парк жүйесін дамыту бас жоспары бекітіліп, кейбір парктер бойынша түзету жүргізіліп жатыр – дейді экология министрлігі.
Жаңа бір сөзіміздің ретінде «әр өңірде бір Ұлттық парк» бар десек болады» деген едік. Сол парктердің бірнешеуіне мысал ретінде тоқталып өтсек.
Алматы облысының өзінде ғана 4 парк бар. Іле Алатауы, «Көлсай көлдері», Шарын және «Алтын Емел». Төртеуі де бірінен бірі өтетін көрікті мекен.
Алматы тобының орналасуы мен танымалдығын ескере отырып, Министрлік 4 парк бойынша тиісті жұмысты бастады. Экотуризмді дамытудың мастер-жоспарлары әзірленіп, 26,5 млрд теңге инвестиция әкелетін потенциалды инвесторлар айқындалған. Ал пандемия күшіне еніп тұрған 2020-2021 жылдары шамамен 2,0 млрд теңге инвестицияланған болатын. Бүгінгі таңда жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар басталып кетті.
Іле Алатау ұлттық паркінде бүгінгі күні Аюсай шатқалында күрделі құрылыссыз жеңіл құрылымдардан визит-орталық салынды. 5 глэмпинг, 5 кемпинг орнатылды, ұзындығы 60 метр Үлкен Алматы өзені арқылы көпір және Аюсай шатқалының айналасында соқпақтар салынып, оған қоса 2 визит-орталықтың құрылысы басталды. Жаңа 220 жұмыс орны ашылды (оның ішінде 150 уақытша орын). Алматы тобының қалған ұлттық парктері бойынша туристік инфрақұрылым қоршаған ортаға әсерін алдын ала бағалау жүргізілді және шағын сәулет нысандары орнатылды. Жұмыс жалғасып жатыр – делінген министрлік мәліметінде.
Туристік орын, саяхат мекені болған соң, онда адам тұтынатын керек-жарақтың барлығы болғаны абзал. Қарапайым жол белгісінен бастап, күрделі инфрақұрлымның барлығы толық болғанда ғана келушінің саны артып, ел қаржысы еселенері сөзсіз. Сол үшін де парк аумақтарына инженерлік инфрақұрылым мен процестерді автоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бұл тұрғыда Экология министрлігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен, Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп, Алматы облысының ұлттық парктеріне инженерлік инфрақұрылым тарту бойынша Жол картасын әзірлеп, бекітті. Қазірдің өзінде 685 км туристік маршрут пен соқпақтар төселді. 12 км жол жөнделіп, электр беру желілерін жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаты әзірленді.
Сондай-ақ, «Транстелеком» акционерлік қоғамымен бірлесіп «Көкшетау» ұлттық паркінің Зеренді көлі мен «Алтын-Емел» ұлттық паркінің бақылау-өткізу пунктіне келушілер үшін интернет желісі қосылды.
Іле Алатауы, «Көлсай көлдері», Шарын, Жоңғар Алатауы, Тарбағатай, Катон-қарағай, Қарқаралы, Бұйратау, Баянауыл, «Көкшетау» және Сайрам-Өгем ұлттық парктері келушілердің онлайн кіру билеттерін сатып алу үшін төлем қызметтері қосылған.
Салт атпен сапар шеккен уақытта еліміздің Қорғалжын, Бұйратау, Баянауыл, Қарқаралы қатарлы Ұлттық табиғи парктерінде болғанымыз бар. Сондайда демалушылардың, әсіресе көлікпен келіп демалатындардың демалыс орындарындағы тазалық сақтау мәселесін ескере бермейтіндерін байқаған едік. Халықтың туристік мәдениеті, экотуризм талаптарын сақтамайтынын байқап, қарнымыз ашқанын несін жасырайық.
Бұл тұрғыда тиісті министрліктердің де демалушыларға жағдай жасамағандығын айта кетуге болады. Кейбір Ұлттық парк аумағында дәретқана, қоқыс тастайтын арнайы орындар жоқ. Экология министрлігінің мәліметіне қарағанда, тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауды енгізу бойынша жұмыстар енді қолға алынып жатыр.
Бұдан басқа, Мемлекет басшысының биылғы наурыз айында берген тапсырмасына сәйкес Имантау-Шалқар курорттық аймағында туризмді дамыту үшін пилоттық жоба ретінде инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ жеке инвесторларды тарту үшін Мәдениет және спорт министрлігінің қарамағына беріледі.
Осыған байланысты, мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтіп жатқан «Көкшетау» ұлттық паркінің инфрақұрылымын дамытудың бас жоспары түзетілді.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамалық базаны жетілдіру мақсатында Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Экология министрлігіне мынадай мәселелер бойынша құзырет беру бөлігінде бірқатар түзетулер енгізу қарастырылып жатыр – дейді Серікқали Брекешев.
Оның айтып отырған түзетулерін саралап көрсек:
Бірінші – халықты қауіпті табиғи құбылыстардың (сел, қар көшкіні, көшкіндер) әсерінен қорғау және сел-көшкін қорғау құрылыстарын салу үшін – Ерекше қорғалатын табиғи аймақ жерлерін босалқы жерге ауыстыру;
Екінші – инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету коммуникацияларын жүргізу бөлігінде инфрақұрылым салу үшін Ерекше қорғалатын табиғи аймақ жерлерін ауыстыру (қолданыстағы редакцияда жолдар, электр беру желілері және құбыржолдар ғана көрсетілген);
Үшінші – ерекше қорғалатын табиғи аймақ ішіндегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды елді мекендерді өзге жерге көшіру.
Осы орайда министр Брекешевтің мына бір пайымын келтіре кетуді жөн көрдік.
Орман шаруашылығы аумағындағы барлық инфрақұрылымы бар орман кенттері оларды құру кезінде Ерекше қорғалатын табиғи аймақтар құрамына қате енгізілген. Әсіресе зираттар, мектеп, қоқыс палигондары, кәріздік-тазарту құрылыстары және психоневрологиялық орталықтар. Осыған байланысты ЕҚТА құрамына кіретін елді мекендерде көптеген проблемалар туындайды – дейді министр.
Министрдің сөзіне қарағанда, жалпы ұлттық парктердегі экологиялық туризмді одан әрі дамыту үшін әкімдіктер ұлттық парктерге инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстарын жалғастыруы қажет.
Өз кезегінде, министрлік инвестициялар тарту және азаматтарды экологиялық ағарту арқылы табиғатты сақтауды ескере отырып, туристерге ұлттық парктер аумағында қолайлы жағдайлар жасау жұмыстарын жалғастырады.
Туристерге қолайлы жағдай жасау кезек күттірмес мәселе екені сөзсіз, дегенмен, сол туристердің демалу мәдениетін қалыптастыру да басты назарда болуы керек.
Осы ұланғайыр дала барлығымызға жетеді, барлығымызға ортақ қазына. Дегенмен, бұл табиғат, бұл өзен-көл, тау-тас, орман-тоғай барлығымызға тиесілі екенін, сізден кейін де бұл жерге басқа адамдардың келіп демалғысы келетінін естен шығармаған абзал. Өзіңіз демалған соң, артыңызда қоқыс қалтырмай, демалған орныңызды таза ұстап, бүлдірмей кеткеніңіздің өзі үлкен мәдениет саналары сөзсіз!