Ұлттық музейге мамонттардың қаңқалары қойылды
Ұлттық музейде «Қолөнершілер орталығы» мен «Палеонтология» залы ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Қолөнершілер орталығы» отандық қолөнерді қолдауға, сауда аймағын құруға, сондай-ақ сәндік-қолданбалы өнер саласындағы музей маркетингі мен менеджментін дамытуға бағытталған. Ал, «Палеонтология» залы тарихқа дейінгі кезеңдегі Қазақстанның жануарлар әлемінің алуан түрлілігі мен байлығын насихаттауға, сондай-ақ әртүрлі геологиялық дәуірлерде өмір сүрген омыртқалы тіршілік иелерінің эволюциясын көрсетуге арналған.
Музейдің ашылу салтанатына Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Қазақ елінің мәдениетін, тарихын, өткенін болашаққа жеткізу негізгі міндеттерінің бірі екенін тілге тиек етті.
2014 жылы ашылған Ұлттық музейде 18 зал бар. Енді ол тағы да екі залмен толықты.
Музейге келген туристер мен қонақтар қолөнершілер орталығында қоддан жасалған әшекей-бұйымдарды, аспаптар мен қыш-құмыраларды тамашалап, сатып алуға мүмкіндіктері бар.
«Палеонтология» залынан тираннозавр, үш саусақты гиппарион жылқысы, үлкен мүйізді бұғы, алып мүйізтұмсық, мамонт секілді ежелгі тарихқа дейінгі кезең жануарларының және Қазақстан аумағында палеонтологтар мен геологтар тапқан басқа да тіршілік иелерінің қаңқалары жинақталып қойылған.
Экспозицияда жалпы саны 263 экспонат бар.
Палеонтология залы туристерге ерекше әсер ететін ішкі сыртқы туризмді дамытатын орталық болады.