Ұлттық музейге чемпиондардың костюмдері табысталды

Ұлттық Олимпиада комитеті Ұлттық музей қорына спортшылардың костюмдерін табыстады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Іс-шараға олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова және Токио-2020 Қазақстан олимпиада командасының ту ұстаушылары қатысты.

Ұлттық музей директорының орынбасары Ақмарал Ғосманқызы іс-шараның маңызын атап өтті.

Ту ұстаушылардың костюмдерін ресми түрде Ұлттық музей қорына өткізіп, оны болашақ ұрпаққа жеткізіп сақтау үшін осы музейде тұруы лайықты деп ойлаймын. Сондықтан бұл шараның тарихи маңызы жоғары, - деді ол.

2020 жылғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында қазақстандық ту ұстаушылардың костюмдері Ұлттық Олимпиада комитетінің тапсырысы бойынша арнайы жасалған. Жұмысқа Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің мамандары қатысты, ал дизайн мен тігуді әйгілі алматылық сәнгер Виолетта Иванова іске асырды.

Олимпиада ойындарының чемпионы, Қазақстан ҰОК спортшылар комиссиясының төрағасы Ольга Рыпакова.

Бұл костюммен өз еліміздің тамыры тереңдігін, біздің елдің кеңпейілділігін, біздің елдің әдемілігін көрсеткеніне қуанамын. Мен бұл костюмді музейге тапсырып жатырмын. Оны көптеген келуші көрермендер көреді. Осындай костюмдерді тігіп шығарған дизайнерлерге де алғыс айтамын, - деді Ольга Рыпакова.

Бүгінгі таңда Ұлттық музей қорында 654 костюм сақталған, оның ішінде 223 зат спортшыларға тиесілі.

Қымбат Спабек 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы