Ұлттық музейде «Текті өнердің шеңбері» көрмесі ашылды

Ұлттық музейде «Текті өнердің шеңбері» атты көрме ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Көрме авторы - қолөнер шебері әрі суретші Сержан Баширов жәдігерлерді шәкірттерімен бірген жасаған. Ол Қазақстандағы «этно авангард» стилінің негізін қалаушы.

Көрмеге 100-ден астам жәдігер қойылған. Қолөнер туындыларының уақыт мерзімі әртүрлі. Ең көне еңбегі Сақтардың Пазырық мәдениетінен басталады.

Башировтың бұл жолды таңдауына әкесі себепші болған. Сонымен бірге ол Өзбекәлі Жәнібек және басқа да қазақ мәдениетіне үлес қосқан тұлғалардан сабақ алған.

Сонымен қатар қолөнер шебері 30 жыл коллекция жинаумен айналысып келеді.  

Мен бұл заттарды 30 жылдай жинадым. Мұның ішінде 10-15 жыл істеген туындыларым бар. Көрмеде көбіне этнографиялық заттар қамтылған, атап айсам басым бөлігі 18-19 ғасырға тиесілі. Халқымыздың ұмыт болған жәдігерлері де бар, оған қару-жарақ түрлері мен бақсылардың қолданған заттарын айта аламыз, - деді қолөнер шебері.

Көрмеден Орталық Азия елдері оның ішінде түркі тілдес халықтарының мәдениетін байқауға болады.

Баширов Сақ мәдениетінен шабыт алғанын айтты. Ол бір-біріне байланысы жоқ элементтерді байланыстырған. Мәселен, ағаш пен металды және сүйек пен теріні қосу арқылы нешетүрлі композиция  құраған.

Өнер иесінің заттарында өзіндік ерекшелігі бар. Оның қолдан жасаған бұйымдары мен кілемдері экологиялық тұрғыдан таза. Өйткені әрбір бұйымды жасаған кезде тек өзінің қолына және балғаға сүйенген. Бояудың өзінде де табиғи бояуды пайдаланған. Басты мақсат - қоршаған ортаға зиян тигізбеу.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы