Ұлттық музей: Елбасы ескерткішін орнынан алып тастағаны туралы ақпарат жалған
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әлеуметтік желіде Ұлттық музейдегі Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін орнынан алып, теріс қаратып қойғаны туралы ақпарат тарады. Ұлттық музей баспасөз қызметі мәліметті жоққа шығарды.
Әлеуметтік желіде журналист Серік Аббас-Шах шындыққа жанаспайтын ақпарат таратқаны белгілі болды. Ол жазбасында ескерткіштің теріс тұрған суретін жариялаған.
Арыстанбек Мұхамедиұлы Нұрсұлтан Назарбаевты орнынан алып, бірдеңе бүлдірген бала құсатып (теріс қаратып) бұрышқа тұрғызып (дұрысы отырғызып) қойыпты, - деп жазды ол.
Музейдің баспасөз хатшысы Айдар Қырықбай ақпараттың жалған екенін айтып, ресми мәлімдеме жасады.
Әлеуметтік желіде Серік Аббас-Шахтың таратқан мәлімдемесі шындыққа жанаспайды. Өздеріңіз көріп тұрғандай, ескерткіш орнында. Ал, таралып кеткен фото 2018 жылы Ұлттық музейге ескерткішті қою кезінде түсірілген болуы мүмкін. Ресми ақпаратты Ұлттық музейдің ресми парақшаларынан біле аласыздар. Шындыққа жанаспайтын ақпаратты таратудан сақ болайық, - деп түсіндірді ол.