Ұлттық мектеп лигасының республикалық кезеңіне 5 мыңнан астам оқушы қатысады

Астанада Ұлттық мектеп лигасының республикалық кезеңі басталды. Лиганың салтанатты ашылу рәсіміне Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Министр финалдық кезеңге жолдама жеңіп алған оқушыларға сәттілік тілей отырып, спорттың өскелең ұрпақтың тұлғалық қалыптасуындағы рөлін ерекше атап өтті.

Мемлекет басшысы елімізде бұқаралық спортты дамытуға айрықша көңіл бөледі. Осы бағыттағы мектеп лигасы жас жеткіншектерді түрлі спорт түрлеріне, оның ішінде ұлттық ойындарға баулиды. Сонымен қатар, оқушыларымыз мектептерде түрлі спорт секцияларында шұғылданады. Соның нәтижесінде біздің оқушылар халықаралық чемпионаттар мен біріншіліктерде өнер көрсетіп жүр. Министрлік мектеп лигасы сияқты жобаларды әрі қарай да қолдайды. Сіздердің әрбіріңіз спортшыға сай ерік-жігер мен қайсарлықтарыңыздың арқасында финалда өнер көрсетуге мүмкіндік алдыңыздар. Осынау елеулі жетістіктеріңізбен құттықтаймын,- деді Ғани Бейсембаев Ұлттық мектеп лигасының қатысушыларына.

Еске салайық, Лига баскетбол, футзал, волейбол, гандбол, футбол, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, бес асық - асық ату, жеңілатлетикалық кросс спорт түрлерінен 5-11 сынып оқушылары арасында өтеді.

Лиганың финалдық жарыстары 6 маусымға дейін Астана қаласы, Павлодар, Алматы облыстарында 5-6, 7-8, 9-11 сыныптар бойынша топтастырылып өткізіледі.

Ұлттық мектеп лигасы аясында 30 жарыс бойынша республикалық кезеңге 5000 оқушы жолдама жеңіп алған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы