Ұлттық мәртебе, марапат және жаңа серпін: Астанада мәдениет қызметкерлері ұлықталды
Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты кеште сала мамандары марапатталып, елорданың мәдени өміріндегі маңызды жаңалықтар айтылды.
Астанада Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай сала мамандарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Салтанатты кеш барысында ұлттық өнер мен мәдениетті дамытуға үлес қосқан қызметкерлерге мемлекеттік және ведомстволық наградалар табысталды.
Кеш барысында елорданың мәдениет саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар маман мемлекеттік және ведомстволық марапаттарға ие болды. Олардың ұлттық өнер мен мәдени құндылықтарды насихаттаудағы еңбегі, кәсіби жетістіктері мен салаға сіңірген қызметі ерекше атап өтілді.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 19 мамырдағы №1283 Жарлығына сәйкес мәдениет және өнер өкілдеріне «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы беріліп, «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды.
Сонымен қатар сала қызметкерлері Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды. Бірқатар маманға Астана қаласы әкімінің алғыс хаттары берілді.
Әзербайжан Мәмбетов атындағы драма және комедия театры директорының орынбасары Самат Тергембаев мәдениет саласында ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқанын айтып, бұл марапаттың өзі үшін ерекше мәні бар екенін жеткізді.
Мен мектепті бітірісімен мәдениет саласына бет бұрдым. Содан бері 40 жылдан асыпты. Зайсан қаласынан бастап Алматыда, одан кейін Астанада мәдениет саласында қызмет етіп келемін. Бүгінгі мерекеде марапат алып, еңбегімнің еленгеніне толқып тұрмын. Сонау ата-бабамыздан келе жатқан бай рухани мұраны жоғалтпай, бүгінге дейін алып келіп, дамытып, өскелең ұрпақтың мықты болып өсуіне атсалысып жүрген барлық мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегі бағаланатын күн. Мемлекет тарапынан да мәдениет саласына үлкен назар аударылып келеді. Астананың өзінде қаншама мәдениет орындары, театрлар салынды. Ұрпағымыздың ұлтжанды, саналы, сапалы ұрпақ болып өсуіне бастайтын, ертең нәтижесін беретін дүние, – деді ол.
Салтанатты жиында елорданың мәдени өміріндегі маңызды жаңалықтардың бірі де айтылды. Астана қаласы музыкалық жас көрермен театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров Мемлекет басшысының шешімімен екі өнер ұжымына ұлттық мәртебе берілгенін атап өтті.
Елордамыздың мәдениет қызметкерлері бүгінгі мерекені ерекше жағдайда қарсы алып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен астаналық екі ұжымға ұлттық мәртебе беріліп жатыр. Ол – Е. Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония және М. Горький атындағы орыс драма театры. Бұл – өнерге, мәдениетке қызмет етіп жүрген кәсіби мамандардың, өнер майталмандарының шабытын биіктететін, шығармашылық әлеуетін өсіретін ізгі қадам, – деді Асхат Маемиров.
Оның айтуынша, биыл елордада жаңадан бірнеше өнер ұжымы құрылған. Олардың қатарында Р. Гайсиннің симфониялық оркестрі, Өнер мұражайы, ZHOSHY ансамблі мен «Қанаттылар» инклюзивті театры бар. Сондай-ақ қалада жаңа кітапханалар ашылып, төрт жаңа ғимарат пайдалануға берілген.
Бүгінде Астана қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасына қарасты 13 мәдениет мекемесінде 2 444 адам еңбек етеді. Мекемелер театр, музыка, кітапхана, музей, цирк, хореография, концерттік ұйымдар мен мәдени-демалыс бағыттарын қамтиды.