Ұлттық кітапхана Алматыдағы тергеу изоляторына 400-ге жуық кітап сыйлады

Ұлттық кітапхана Алматыдағы тергеу изоляторына кітаптарды сыйға тартты, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №72 мекемесіндегі тергеу тұтқынындағылар мен шаруашылық жасақтағы сотталғандар үшін мекемеде 6 мыңнан астам кітап қоры бар кітапхана жұмыс істейді. 

Кітаптың тұнып тұрған тәрбие көзі екенін ескерген мекеме басшылығы жыл сайын кітап қорын көбейтуді басты назарда ұстайды. Осы мақсатта мекеме атынан Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапхана басшылығына қазақ тіліндегі кітап қорын молайтуға өтініш хат жолданған болатын. Осыған орай жуырда Ұлттық кітапхана аталған тергеу изоляторының кітапханасына 400-ге жуық қазақ тілінде басылған кітап тарту етті.

Тұтқынындағылар мен сотталғандардың қазақ тіліндегі кітаптарға деген сұранысы жоғары. Олар алдын ала керекті кітаптарына тапсырыс береді, сол бойынша кітапханашы камераларға таратып шығады. Ал шаруашылық қызметіндегі сотталғандар кітапханаға барып оқиды. Кітап оқу арқылы адам өз білімін толықтырып, өмірден өз орнын табуға тырысады, – дейді тәрбие бөлімінің бастығы Қадырбек Тұрлыбеков. 

Ұлттық кітапхана тарту еткен кітаптардың ішінде қазақ халқының ғасырлар бойы жинаған асыл мұрасы, тарихы, мәдениеті, салт-санасы, философиясы, педагогикасы, өнері түгел қамтылған “Бабалар сөзі” жинағы да бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы