Ұлттық кино орталығы ТҮРКСОЙ аясында ынтымақтастықты кеңейтті

Ақтауда өтіп жатқан түркі әлемінің халықаралық «Қорқыт ата» кинофестивалі аясында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстанның кинематография саласындағы мемлекеттік ұйымдарымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл келісімдер Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ) шеңберіндегі ортақ жұмыстардың бір бөлігі болып табылады. Негізгі мақсат – кино өнері арқылы түркі елдерінің мәдени байланысын тереңдету және тарихи мұраны дәріптеу.

Әзербайжан – көркем, деректі және анимациялық фильмдер түсіру, шеберлік сыныптары өткізу, аударма және дубляж саласында тәжірибе алмасу.

Қырғызстан – мәдени жобаларды қолдау, бірлескен киноөндірістерге жағдай жасау, мамандар мен технология алмасу.

Түрікменстан – бірлескен фильмдер түсіру, Ақтау мен Ашхабад арасындағы мәдени байланысты нығайту, түркі халықтарының музыкалық мұрасын дәріптеу.

Түркия – ортақ киножобалар арқылы мәдени байланыстарды дамыту және өзара түсіністікті арттыру.

Өзбекстан – мәдени мұраны сақтау, Түркістан мен Самарқанд тақырыптарына мән беру. Сондай-ақ Мұхтар Әуезов пен Абдулла Қадыридің рухани байланысына арналған «Памир тауларындай биік» фильмі жоспарлануда.

Бұған дейін Қазақстан Ұлттық кино орталығы Франция және Грузиямен меморандумдарға қол қойған. Таиландпен «Теңіз итбалықтарының ертегісі» деректі фильмі түсірілуде. Ал Франция, Нидерланд, Литва және Швециямен копродукцияда түсірілген «Победителей видно на старте» фильмі Локарно (Швейцария) және Пусан (Оңтүстік Корея) фестивальдерінде көрсетілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Өзгелердің жаңалығы