Ұлттық киімнен халықтың биік талғамы көрініс табады - Қайрат Жолдыбай
18 наурыз – Қазақстанда Ұлттық киім күні ретінде атап өтілетін ерекше мейрам. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай барысында ұлттық киімнің маңызына ерекше тоқталып өткен еді. Осы ретте BAQ.KZ тілшісі белгілі дінтанушы, ғалым және жазушы Қайрат Жолдыбайұлынан ұлттық киім үлгілері мен тұрмыста қолдануы жөнінде сұхбаттасты.
- Жастардың ұлттық киімге деген қызығушылығы қандай?
- Ұлттық киім әр ұлттың мәдениетінің, талғамының көрінісі. Қазақ халқының оюлары мен киім үлгілеріне қарайтын болсақ ата-бабамыз бізге үлкен мұра қалдырып кеткен. Ұлттық киімнен халықтың биік талғамы көрініс табады.
Ұлттық киімді киген кезде бұрылып қарамайтын адам жоқ. Мәселен, шетелге барған кезде көз тоқтатып, қызығушылықпен сізді шығарып салады. “Қандай ұлт екен, кимі қандай ерекше” , - деген секілді сөздер айтылады. Көшеде ұялмай киіп жүретін әдемі, ғажап киім үлгілері бар.
Бас киімнен бастап, аяқ киміңізге дейін түр-түрін таба аласыз. Киім үлгілері бүгінде заманына, трендіне қарай өзгеріп отырады. Қазір соңғы жылдары ұлттық киімге деген қызығушылық артып келе жатыр. Сондай-ақ дизайнерлер бұл бағытта әдемі киім үлгілерін жасап, нарыққа ұсынып жүр.
Дизайнерлер жаңа ою түрлерін де сызып жүргенін білеміз. Қазақтың бұрынғы ою-өрнектерінен элементтер алып, дамытып, түрлендіріп оюлар сызуда. Мәселен, мен білетін Жаңғазы, Нұрасыл деген жігіттер бар. Олар оюға жаңа бір рең алып келді деп айтуға болады.
- Отандық өндірушілердің оюмен көмкерілген киімдері қымбат болып жатады, бұған не дейсіз?
- Той-томалақта, Наурызда өздеріңіз білесіздер ешкім кимейтін, уақытша сүйретіп шығатын киімдер көбейіп кеткен еді. Соңғы жылдары көшеде киіп жүруге болатын әдемі, сәнді киім үлгілері көп шығып жатыр. Әрине енді бағалары әртүрлі. Бағаны нарық анықтайды. Егер сұраныс жоғары болса, бәсекелестік көбейетін болса, онда нарықта әртүрлі бағалар пайда болады.
Мен бұрыннан айтып жүрген бір мәселе бар: ұлттық киім үлгілері күнделікті өмірде қолайлы, икемді болса екен. Кей кездері өте ұзын шапандар, кейбір киімдерде ою көп болуы күнделікті өмірде киюге қолайсыздық тудыруы мүмкін. Оны қаламайтын адамдар да болады. Сондықтан минимализм заманы ғой, сол бағытта жақсы киім үлгілері шығып жатыр.
- Жастардың қызғушылығын арттырған “Ozge” брендінің джинс шапаны жайлы айтып өтсеңіз.
- Жастармыз қазіргі трендке сай, ұлттық нақыштағы ұлттық киім үлгілерін ұнатады. Дизайнерлерде осы бағытта жұмыс істеп жатыр. “Ozge” деген брендтің негізін қалаушылардың бірімін. Осы брендті жасар кезде “Жастарымыз күн сайын ұлттық нақыштағы киімдерді киіп жүрсе”,- деген ой болды.
Сондай-ақ жастарға қолжетімділігін, қалтасына ауыртпашылық түсірмеуін қарастырдық. Сол негізде киімдердің алғашқы легі сатылымға шықты. Алғашқы топтамада джинс шапандар жасап шығардық. Нарықта бархаттан, матадан жасалғандар барғой.
Жастар джинстен де шапан кигісі келеді. Шапанның екі түрін жасадық ұзын және қысқа. Сондай-ақ ұлттық оюлар салынған шалбар жоқтың қасы. Көбінесе шапан мен костюммен шектеліп жатыр. Біз жастардың талғамына сай худи, шалбар, свитшотқа қазақы нақыштағы оюларды салып, заман ағымына сай түрлендіріп жатырмыз.
- Әр ұлт өкілі өзінің ұлттық киімін киіп жүруі, сол ұлттың тарихын айшықтай түседі деп жатады. Бұған не дейсіз?
- Барлық әлем кішкентай ауылға айналған жаһандану заманында сен анандай киім кию керексің, сен мынандай киім кию керексің деп ешкімді мәжбүрлей алмайсың. Бірақ әр ұлттың өз ерекшелігі бар. Ол киімі, мәдениеті, ұлттық құндылығы деген сынды. Киім мәдениеттің бір парасы. Сол себептен Әр ұлт өкілі өзінің ұлттық киімін киіп жүруі сол ұлтты айшықтай түсетіні белгі.
Мемлекетімізде де ұлттық киім күні деп арнайы бір күнді белгілеп отыр екен. Сол себептен неге ұлттық киімді жарқыратып киіп жүрмеске. Ұлт деген кезде оны құрайтын әртүрлі тіректер болады. Соның бірі тіл, тарихы, діні болса. Осы қатарға киімді де қосып қоюға болады.