Ұлттық киім – тренд: Жас дизайнерлер қандай бағыт ұсынып жүр?
Дизайнерлер дәстүрлі элементтерді заманауи сәнмен үйлестіріп, жаңа бағыт қалыптастыруда.
Бүгін – Ұлттық киім күні. Соңғы жылдары Қазақстанда ұлттық киімге деген қызығушылық айтарлықтай артты. Әсіресе жас дизайнерлер дәстүрлі элементтерді заманауи сәнмен үйлестіріп, жаңа бағыт қалыптастырып келеді. Осы тұрғыда BAQ.KZ тілшісі суретші, дизайнер Гүлайым Қуанышқалимен сұхбаттасты.
– Гүлайым, алдымен өзіңіздің өнерге қалай келген жолыңыз туралы айтып берсеңіз.
– Негізі мен кішкентайымнан суретке қатты қызығып өстім. Суретші боламын деген арманым болды. Мектеп кезінде түрлі конкурстарға қатысып, қолымызда бар материалдардан киім тігіп, өзімізше образдар жасап баратынбыз. Сол кездің өзінде менің бағытым этно киімдерді заманауи үлгіде көрсетуге жақын болды.
Алайда бұл жолды нақты «дизайнер боламын» деген мақсатпен бірден таңдадым деп айта алмаймын. 2016 жылы мектеп бітірген соң бейнелеу өнері және сызу мамандығына оқуға түстім. Бірінші курстан бастап қалада түрлі тапсырыстар алып, қабырғаға сурет салып, тәжірибе жинай бастадым. Сол уақыттан бері сурет арқылы табыс тауып келемін.
Ал киім дизайнына келуім – біртіндеп қалыптасқан жол. 2024 жылдың ортасынан бастап осы салаға нақты бет бұрдым. Бастапқыда дайын киімдерге сурет салып жүрдім, бірақ кейін бұл маған жеткіліксіз көрінді. Өз атымнан, өз идеяммен толыққанды дүние жасағым келді. Сөйтіп, жеке брендімді қалыптастыруға ниеттендім.
– Яғни, сіздің дизайнерлік жолыңыз суреттен бастау алды ғой?
– Иә, дәл солай. Мен киім дизайнына сурет арқылы келдім деп айта аламын. Алғашында тек эскиздер салып бастадым. Кейін өмірімде бір қызық жағдай болды: бір адам өз бренді үшін дизайнер болуды ұсынды. Біз тек эскиз деңгейінде тоқтап қалдық, бірақ сол ұсыныс менің ішімде бір от жаққандай болды.
Сол сәттен бастап бұл бағытқа қайта оралып, өз идеямды жүзеге асыруға кірістім. Кейде өмірдегі осындай кездейсоқ жағдайлар адамға үлкен серпін береді.
– Шабыт қайдан келеді?
– Шынымды айтсам, мен нақты бір ереже немесе теорияға сүйенбеймін. Барлығы ішкі күйіме байланысты. Көбіне тыныштықта, өзіммен өзім қалған кезде, музыка тыңдап отырған сәтте шабыт келеді.
Шабыт – түсіндіріп беру қиын процесс. Кейде бір сағатта бірнеше эскиз пайда болуы мүмкін. Музыка да әсер етеді. Кейде ұлттық рухтағы әндер тыңдаймын, кейде басқа бағыттағы музыка қосамын. Сол сәтте ішкі күйім мен жүрегім үндескен кезде образдар өздігінен туады.
– Сізде арнайы дизайнерлік білім жоқ екенін айттыңыз. Бұл кедергі болмай ма?
– Жоқ, кедергі деп айта алмаймын. Әрине, білім маңызды. Бірақ менің ойымша, үйлестіру, түстерді сезіну, образ жасау – бұл тек дипломмен келетін нәрсе емес.
Бұл – адамның ішкі сезімі. Қанша дипломың болса да, оны сатып ала алмайсың. Киім арқылы мінез беру, образ жасау – бұл түйсікпен келеді. Мен өз жұмысымда сол ішкі сезімге сүйенемін.
– Сіздің жұмыстарыңызда ұлттық нақыш ерекше байқалады. Бұл саналы таңдау ма?
– Иә, бірақ тек қазақы стильмен ғана шектелемін деп айта алмаймын. Әртүрлі бағытта жұмыс істеймін. Дегенмен көбіне қазақтың рухын бергім келеді. Мысалы, «рухты ару» образын жасағанды жақсы көремін. Мұндай образдарда матаның өзі де мінез беруі керек.
– Қазақтың ұлттық киімін әлемдік деңгейге шығару үшін не керек деп ойлайсыз?
– Көп адам үлкен жобалар керек деп ойлайды. Әрине, ол да маңызды. Бірақ менің ойымша, ең үлкен жоба – адамның өзі. Адам өзіне инвестиция салуы керек: білімге, дамуға, еңбегіне. Егер әр адам өз ісін шынайы жасаса, ол өзі-ақ үлкен нәтижеге жеткізеді.
Сырттан көмек күтудің қажеті жоқ. Мемлекет, грант, жобалар – бәрі жақсы. Бірақ ең бастысы – адамның ішкі ниеті мен әрекеті.
- Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге алғыс білдіремін.