Ұлттық киім күні. Павлодарлық оқушылар дефиле өткізді
Бүгін - Әз Наурызды атап өту концепциясына сәйкес Ұлттық киім күні. Ертіс өңірінің мектептері бұл күні ұлттық нақыштағы дефиле өткізіп, сабаққа ұлттық киіммен келді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Шараны өткізуге облыс орталығындағы 44 мектеп ұжымы атсалысты. Белсенділік танытқан ұйымдардың қатарында Аманжол Шәмкенов атындағы мектеп-лицейі бар. Білім беру ошағының 150 бастауыш сынып оқушысы қазақтың таңғажайып, әсем киімдерін киіп, жұртшылыққа паш етті.
Наурыз мерекесін жаңаша тойлап жатырмыз. Бірінші кезекте балаларымызды ұлттық рухта, ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуді мақсат етеміз. Бүгін біздің балақайлар жаппай ұлттық киім киіп келді. Олардың бірі түрлі әшекейлермен безендірілген камзол, бірі көзтартар тақия киіп, баршамызды таңғалдырды. Ал қыздарымыз заманауи стильді корсет киіп, қазақ киім-кешегінің бар сұлулығын көрсеткендей болды, - дейді мектеп-лицей басшысының орынбасары Сарбиназ Шәріпова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, оқушылар осы күнді тағатсыздана күткен. Тыңғылықты дайындалып, ата-аналарынан көмек сұраған. Ұлттық киім күнін ерекше атап өтуге мұғалімдер үлес қосты.
Сыныбымдағы оқушыларыма ұлттық киімді өзім тігіп бердім. Балаларым бүгін ұлттық нақышта безендірілген кеудешемен келді. Олар Наурызды жыл сайын асыға күтеді. Мен де қуана қарсы аламын. Өзім ұлттық қолөнерді сүйікті ісім, хоббиіме айналдырғанмын. Біз мектепте бір ай бойы ұлттық киім киіп жүреміз. Осылайша, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, көктем мерекесі арқылы салтымызды насихаттаймыз, - дейді мектеп-лицей мұғалімі Баян Нұржанова.
Айта кетейік, өңірдің қала-аудандарында жаңа тұжырымдамаға сәйкес 2000 шара өткізу жоспарланып отыр.