Нұр-Сұлтанда ұлттық индикаторлар талқыланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және "Рухани жаңғыру" қоғамдық даму институтының ұйымдастыруымен 16 тұрақты даму мақсаты индикаторларын мемлекеттік органдардың стратегиялық құжаттарына енгізу бойынша ұсыныстар талқыланған дискуссиялық алаң өтті.
Жиынға қатысушылар ұлттық және халықаралық деңгейде заңның үстемдігін және сот төрелігінің барлығына тең және қолжетімді болуын қамтамасыз ету мәселесін жан-жақты қарастырды.
"Eurasian Expert Council" қоғамдық қорының президенті Шыңғыс Лепсібаев азаматтарға заң көмегін көрсету туралы заңнамаға қатысты бірқатар олқылыққа назар аударды.
Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде азаматтарға алғашқы заңгерлік кеңес беру үшін міндетті түрде Заңгерлер палатасының, я болмаса Адвокаттар алқасының мүшесі болу керек. Мұны үлкен шектеу деп санаймын. Яғни өз еркімен заңгерлік көмек көрсеткісі келген тұлғаны Адвокаттар коллегиясы немесе Әділет департаменті екі-ақ секундта қорғаушы лицензиясынан айыруы мүмкін. Бұны азаматтарға қарсы әрекет деп санаймын. Оның үстіне осы заң жобасы Парламентте отырғандардың алдынан өткен, қол қойылған, - деп сынға алды сарапшы маман.
Оның айтуынша, келіп түсетін өтініштердің 99%-ы азаматтық істерге қатысты. Мұның құқықбұзушылық пен заңға қайшы қылмыстық істерге еш қатысы жоқ.
Білесіздер, кепілдендірілген мемлекеттік заңгерлік көмек бар. Тегін заңгерлік қызмет көрсететін адвокаттар қайда отырады? Әлбетте, полицияда, ең болмаса Прокуратура мен сотта отырады. Бұл - орынсыз. Себебі, халық азаматтық істерге қатысты мәселе бойынша көмек сұрап келеді. Әсіресе, атаулы әлеуметтік көмек, алимент және түрлі жәрдемақыларға қатысты жүгінеді, - деп атап өтті Шыңғыс Лепсібаев.
Дискуссиялық алаңның қатысушылары айтылған сындар мен ескертпелерге құлақ асып, алдағы уақытта жұмыс тобында қарастыратынын айтты.
Айта кетейік, білікті заңгерлік көмек алу құқығы демократиялық коғамның жеке бас бостандығы, әділ сотқа жету құқығы, кінәсіздік презумциясы, адамның намысы мен абыройын құрметтеу сияқты және көптеген басқа іргелі негіздерінің кепілдігі болып табылады.