Ұлттық экономика вице-министрі тағайындалды
Асан Дарбаев Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Ұлттық экономика вице-министрі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұған дейін ол ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы қызметін атқарған болатын.
"Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Дарбаев Асан Көбентаевич Ұлттық экономика вице-министрі қызметіне тағайындалды, – делінген ресми хабарламада.
Асан Дарбаев 1984 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын және Ұлыбританиядағы Warwick университетін ("Болашақ" бағдарламасы бойынша) бітірген.
Еңбек жолын 2005 жылы Қаржы министрлігінің құрылымында бастаған. Әр жылдары Алматы облысы бойынша монополияға қарсы басқармада бәсекелестікті қорғау бөлімінің бас маманы, бөлім басшысы болып жұмыс істеді, сондай-ақ "Бәсекелестік саясатын дамыту және қорғау орталығы" АҚ-да еңбек еткен.
2013-2014 жылдары Бәсекелестікті қорғау агенттігінде квазимемлекеттік сектор және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындар мен бірігулерді бақылау департаменті директорының орынбасары қызметтерін атқарды.
2014-2015 жылдары Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінде мемлекеттік кәсіпорындар мен бірігулерді бақылау басқармасын басқарды.
2015-2017 жылдары аталған комитет төрағасының орынбасары болды.
2017-2019 жылдары – Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары.
2019 жылғы қыркүйекте Асан Дарбаев ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы болып тағайындалды.