Ұлттық экономика министрі Азия даму банкінің өкілдерімен кездесті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Нұр-Сұлтанда Әлібек Қуантыров АДБ вице-президенті Ашок Лавасамен кездесу өткізді.
Іс-шараға Ұлттық экономика вице-министрі Ілияс Өсеров, «Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасы Самат Сағындықов, Орталық, Оңтүстік және Батыс Азиядағы жеке сектордың инфрақұрылымдық жобалары жөніндегі департамент директоры Шантану Чакраборти және АДБ-ның ҚР өкілдігінің директоры Нариман Маннапбеков қатысты.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықты, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Ұлттық экономика министрі атап өткендей, Қазақстан мен АДБ өзара іс-қимыл үшін зор әлеуетке ие. Елімізде инвесторларға қолайлы жағдай жасалған.
Қазіргі уақытта мемлекеттік қаржыландыруды қысқарту арқылы жеке инвестицияларды ұлғайтуға баса назар аудара отырып, мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы заңды жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Қазақстан инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды дамыту бойынша АДБ тәжірибесіне мүдделі, - деп атап өтті Ә.Қуантыров.
Өз кезегінде Азия даму банкінің Вице-президенті Ашок Лаваса ҚР мен АДБ арасындағы өзара іс-қимыл деңгейін жоғары бағалап, барлық маңызды бағыттар бойынша қолдау көрсетуге дайындығын білдірді.