Бүгiн 2026, 11:48 Фото: Ақорда

Ұлттық домбыра күніне орай Қазақстанда 2000-нан астам іс-шара өтеді

Мерекелік бағдарлама аясында концерттер, фестивальдер, күйшілер байқауы, көрмелер мен мәдени жобалар еліміздің барлық өңірін қамтиды.

Бағдарлама аясында концерттер, фестивальдер, күйші және домбырашылар байқаулары, көрмелер, конференциялар, музей және кітапхана жобалары, шығармашылық кездесулер мен ағартушылық іс-шаралар өтеді.

Еліміз бойынша барлығы 2000-нан астам іс-шара жоспарланған. Оның ішінде 20-сы республикалық, 98-і облыстық деңгейде ұйымдастырылады. Қалған іс-шаралар аудан орталықтарын, ауылдарды және жергілікті мәдениет мекемелерін қамтиды. Бұл мерекелік шараларға еліміздің барлық өңірінің тұрғындарын тартуға мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылардың болжамынша, қатысушылар мен көрермендердің жалпы саны 2 миллионнан асады.

Ұлттық домбыра күні жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде аталып өтеді. Президенттің бастамасымен 2018 жылы бекітілген бұл мереке ұлттық бірегейлікті нығайтуға, жастардың дәстүрлі мәдениетке қызығушылығын арттыруға және ұрпақтар сабақтастығын сақтауға бағытталған.

Биыл Ұлттық домбыра күні ел үшін ерекше кезеңде – жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін аталып өтіп жатыр. Жаңартылған Ата заң мемлекеттің дамуының жаңа кезеңіне жол ашып, халық бірлігіне, тарихқа, мәдени мұраға және рухани құндылықтарға құрметтің маңызын айқындай түсті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев домбыраның халықтың рухани өміріндегі орнына ерекше тоқталған болатын. Президенттің айтуынша, Ұлттық домбыра күні қазақ халқының төл болмысын айқындап, жас ұрпақтың рухын көтереді.

«Нағыз қазақ – домбыра», – деген Мемлекет басшысы домбыраның қасиетті құндылық ретінде Қазақстанның әлемдегі бірегей брендіне айналуы тиіс екенін атап өтті.

Мерекелік іс-шаралар Астана, Алматы, Шымкент қалаларын және еліміздің барлық облыстарын қамтиды. Кәсіби шығармашылық ұжымдардың, ұлттық аспаптар оркестрлерінің және жас орындаушылардың қатысуымен концерттер, фестивальдер мен ауқымды мәдени жобалар ұйымдастырылады.

5 шілде күні Астанадағы Амфитеатрда Ұлттық домбыра күніне арналған концерт өтеді. Алматыда мерекелік бағдарламалар бірден бірнеше ашық алаңда ұйымдастырылады. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі Арбатта, «Алатау» дәстүрлі өнер театрында және Орталық саябақта өнер көрсетеді. Қазақстан Республикасының «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі «Күмбірле домбыра, Жасай бер Астана» атты концерттік бағдарламасын ұсынады.

Шымкентте мерекелік концерт «Shym City» саябағында өтеді. Бағдарламаның халықаралық бағытына да ерекше мән берілген. Ұлттық домбыра күні Бейжіңде де аталып өтеді. Лянма өзенінің жағалауында Қазақстанның мәдени орталығы шетелдік көрермендерге қазақтың дәстүрлі өнерін таныстыратын Dombra Party ұйымдастырады.

Республикалық деңгейдегі іс-шаралар қатарында Түркістан облысында өтетін «Күй құдіреті» күйшілер байқауы, Қызылорда облысындағы III республикалық «Сыр толқыны» күйшілер байқауы, Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған «Әсемқоңыр» республикалық домбырашылар байқауы, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысында ұйымдастырылатын V халықаралық Quzyljar Music Fest фестивалі бар.

Мерекелік бағдарламаның тағы бір бағыты – Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен 4 шілде күні өтетін республикалық #dombrakuni челленджі.

Челленджге қатысушылар әлеуметтік желілерде ұзақтығы бір минутқа дейінгі, домбыра үніне, ұлттық өнерге және мерекелік көңіл күйге арналған бейнероликтерді #dombrakuni хэштегімен жариялай алады.