Ұлттық баяндаманың таныстырылымы өтті
Елордада «Қазақстандық отбасылар – 2022» ұлттық баяндамасының таныстырылымы болып өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Аталмыш жоба Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша әзірленді.
Бүгінгі таныстырылым барысында баяндама туралы ақпарат беріліп, оны жасау барысында отбасы саясаты саласындағы ахуалдарға мән беріліп, жанұядағы өзара қарым-қатынас,ата-ана болу әлеуеті сараланып, отбасыны қолдау орталықтарының қызметіне зерттеу жүргізілгенін атап өтті.
«Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ Отбасы институтын зерттеу орталығының жетекшісі Жұлдыз Батталова баяндаманың мақсатына тоқталды.
Баяндаманың мақсаты – отбасы институты саласындағы негізгі проблемалар мен трендтерді анықтау және Қазақстан Республикасының отбасы саясатын жетілдіру үшін практикалық ұсыныстар әзірлеу, - деп атап өтті ол.
Аталмыш баяндама 4 тараудан тұрады. Әр тараудың ішінде бірнеше кіші бөлімдер бар. Әр тараудың маңыздылығы да бар дейді маман.
Бірінші тарауда отбасы саясатын іске асырудағы ағымдағы жағдайдың талдауы мен заңнамадағы проблемалар, мемлекеттік институттардың, сондай-ақ Отбасын қолдау орталықтарының қызметі зерделенді. Екінші тарауда аз қамтылған отбасыларды мемлекеттік әлеуметтік қолдау мәселелері қаралды. Үшінші тарауда қазақстандық отбасылардың ата-ана болу әлеуетін қалыптастыру және балаларды тәрбиелеу ерекшеліктеріне талдау жасалды. Соңғы тарауда отбасы институтының өзгеруі, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және оған қарсы іс-қимылға ықпалы зерттелді, - деді спикер.
Сондай-ақ кездесу барысында баяндама жасаған спикер «Мүгедек адамдардың экономикалық белсенділігі үшін жағдайлар жасау» жобалық кеңсесінің үйлестірушісі Құралай Жарова жәрдемақы алу үшін қағазға үйіліп, кабинет аралаудың қажеті жоқ дейді.
Қазіргі уақытта мүгедектерге ай сайынғы төлемдерді тағайындау арнайы құжаттар жинақтауды талап етпейді, өйткені барлық қажетті дерек ақпараттық жүйелерде бар. Жәрдемақы алу тәсілдеріне де өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, әлеуметтік қамсыздандыру, бизнес-процестерін оңтайландыру мен цифрландырудың арқасында көп балалы отбасылар әлеуметтік төлемдерді алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, смартфон арқылы өтініш бере алады, - деді ол.
Бағдарлама таныстырылымы барысында тыңғылықты ақпараттар алынып, тәжірибе алмасқан қатысушылар пікір алмасып, бағдарламаға байланысты өз ұсыныстарын білдірді.