Ұлттық банк: Жыл соңына дейін теңге бағамына қауіп жоқ
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов теңгенің нығаюы тек нарықтық тетіктердің – сұраныс пен ұсыныс арасындағы тепе-теңдіктің нәтижесі екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, реттеуші валюта бағамын қолдан басқармайды. Бұл туралы ол Үкіметте өткен брифингте айтты.
Сондай-ақ ол теңгенің күшеюіне бірнеше фактор әсер еткенін алға тартты. Соның ішінде қазанда базалық мөлшерлеменің көтерілуінен кейін теңгелік қаржы құралдарының тартымдылығы арта түскен.
Базалық мөлшерлеме өскенде, теңгемен ұсынылатын қаржы құралдары халықаралық инвестициялық орта үшін тиімді бола түседі. Мәселен, Қаржы министрлігінің облигациясын 16 пайызбен алу бір бөлек, ал 17,5 пайызбен алу – мүлде басқа. Оларды сатып алу үшін инвестор елге доллар әкеліп, теңгеге айырбастайды. Бұл нарықтағы доллар ұсынысын көбейтеді, тиісінше оның бағамының төмендеуіне әсер етеді, – деді Тимур Сүлейменов.
Ұлттық банк басшысы резидент еместердің портфельдік инвестициялары да артқанын атап өтті.
Егер бұрын ірі шетелдік басқарушы компаниялардың қатысуы шамамен 2 миллиард доллар болса, қазір ол 2,8 миллиардқа жетті. Яғни қосымша 800 миллион доллар тартылды. Бұл да бағамның тұрақтылығына оң ықпал етеді, – деді ол.
Журналистер Ұлттық банк төрағасынан теңгенің қазір күшеюі «Жақсы көрінетін, бірақ алдында соққы тұрған» қысқа мерзімді кезең емес пе?!» деп сұрады.
Реттеуші жыл соңына дейін айтарлықтай макроэкономикалық немесе нарықтық өзгеріс күтпейді. Бағам қазіргі деңгейдің маңайында сақталады, бірақ белгілі бір ауытқулар болуы мүмкін. Бұл жай сөз емес, егер нарықта нарықтық емес, спекулятивті, тұрақсыздық тудыратын тенденциялар байқалса, біз жедел әрі қатаң әрекет етеміз. Қажет болса, интервенциялар жасауға дайынбыз, – деп жауап берді Тимур Мұратұлы.
Бұған дейін Ұлттық банк қазан айының қорытындысы бойынша теңге 3,5%-ға нығайып, KASE-дегі күндік орташа сауда көлемі 271 млн долларға өскенін хабарлаған еді.