Ұлттық Банк Жигули Дайрабаевтың сауалына жауап берді
Ұлттық Банк Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың агроөнеркәсіптік саланы қаржыландыру мәселелеріне қатысты сауалына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат 7 қыркүйекте өткен жалпы отырыста Ұлттық банкке елімізге кредиттік сыйақысы 1-1,5%-дан аспайтын аграрлық бағыттағы шетелдік банкті тарту мәселесі бойынша сауал жіберген болатын.
Жигули Дайрабаев көтерген мәселеге Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов жауап берді.
Қазақстанның банк заңнамасы шетелдік банктердің қаржы нарығына шығу қолжетімділігін шектемейді. Шетелдік банктер Қазақстан Республикасының аумағында филиалдарын немесе еншілес банктерді ашуға құқылы. Сонымен қатар банктердің сыйақы мөлшерлемелерін және комиссияларын, сондай-ақ банк қызметтерін көрсеткені үшін тарифтерді банктер дербес белгілейді, - деді банк басшысы.
Сүлейменовтың сөзіне қарағанда, кредиттік мөлшерлемелердің мөлшері нарықтағы нақты жағдайға қарай қалыптасады және кредиттер құнының қалыптасуына базалық мөлшерлемеден бөлек банктің бизнес моделімен де, сондай-ақ макроэкономикалық индикаторлармен де айқындалатын көптеген факторлар әсер етеді.
Макроэкономикалық ахуал, елдегі инфляция деңгейі, қорландыру құны, кредиттеу мақсаттары үшін банктер тартатын депозиттер бойынша мөлшерлемелердің өлшемі, қарыз алушылардың кредиттік тәуекелдері пайыздық мөлшерлемеге әсер ететін негізгі жағдайлар.
Нарықтағы корпоративтік облигациялардың орташа кірістілігі 14,5%. Банктер депозиттерді жылдық 13,9-дан 14,7%-ға дейінгі мөлшерлемелер бойынша тартады. Осыған байланысты, банк кредитінің құны төмен бола алмайды. Қазіргі уақытта белгісіздік жағдайында шетелдік қаржы институттары өздерінің кредиттік тәуекелдерін төмендету үшін қарыз бойынша мөлшерлемелерін көтеруге мәжбүр. Осылайша, қарыз алушыларға тартылған қорландыру құнынан төмен мөлшерлемелер бойынша кредиттер беруді көздейтін кредиттеу моделін Үкіметтің немесе даму институттарының пайыздық мөлшерлемені субсидиялауы арқылы тек мемлекеттің қатысуымен енгізуге болады, - деп жауап берді Ұлттық Банк төрағасы депутаттың жолдаған сауалына.
Оның сөзінше, мұны Үкімет АӨК шеңберінде қызметтің басым түрлері бойынша іске асырып келеді. Осылайша, АӨК дамытудың ұзақ мерзімді, тұрақты бағдарларын айқындау және оларды тікелей субсидиялау мен пайыздық мөлшерлемені субсидиялау құралдары арқылы іске асыруды қамтамасыз ету ең тиімді құрал деп санайды.