Ұлттық банк: Желтоқсанға дейін елде инфляция баяулайды

Жыл соңына қарай инфляция 11-14 пайызға дейін баяулауы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин мәлімдеді.

Қазақстанда инфляция маусым айында жылдық мәнде 14,6%-ға жетіп, төрт ай қатарынан төмендеуде. Маусымдық факторлардың айқын көрінуінен азық-түлік инфляциясының тұтыну бағаларының жалпы өсуіне қосатын үлесі азайып жатыр. Ұлттық Банк инфляцияның осы жылдың соңына қарай 11-14%-ға дейін баяулауын күтеді. Азық-түлікке әлемдік бағаның одан әрі төмендеуі және сауда әріптес елдеріндегі инфляцияның төмендеуі инфляцияға тежеуші ықпал етеді. Проинфляциялық тәуекелдер ішкі факторлар тарапынан сақталып отыр. Ол – инфляциялық күтулердің жоғары деңгейде орнығу ықтималы, фискалдық ынталандырудың күшеюі, жанар-жағармай мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметтері бағаларының өсуінен болатын барынша күшті жанама әсер ету, - деп атап өтті Ұлттық банк төрағасының орынбасары. 

Сонымен қатар ол 5 шілдеде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдағанын алға тартты.

Инфляцияның баяулауы болашақта базалық мөлшерлемені біртіндеп төмендету үшін жағдай жасауда. Болжамдық раунд нәтижесін негізге ала отырып, базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім қабылдау кезінде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жан-жақты қарау арқылы төмендету орындылығын бағалайды, - деді Владимир Тутушкин.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы