Ұлттық банк жаңа QR жүйесі туралы маңызды мәлімет жариялады
Ұлттық банк Бірыңғай QR жүйесінің жұмысына қатысты түсініктеме беріп, жаңа сервистің кәсіпкерлер мен тұтынушыларға қандай мүмкіндік ашатынын айтты.
Қазақстанда Бірыңғай QR-код негізінде жұмыс істейтін жаңа банкаралық мобильді төлем жүйесі іске қосылды. Ұлттық банк жаңа жүйенің кәсіпкерлер мен тұтынушыларға қандай мүмкіндік беретінін, комиссия қалай есептелетінін және алдағы уақытта қандай сервистер пайда болатынын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстанда 19 шілдеден бастап мобильді төлемдердің жаңа банкаралық жүйесі жұмыс істей бастады. Енді қазақстандықтар Бірыңғай QR-код арқылы қай банктің клиенті екеніне қарамастан, кез келген банктің POS-терминалы арқылы төлем жасай алады.
Ұлттық банктің мәліметінше, жүйеге техникалық қызмет көрсететін оператор – Ұлттық банктің еншілес ұйымы Ұлттық төлем корпорациясы (ҰТК). Оның негізгі міндеті – банктер, кәсіпкерлер мен азаматтар үшін тең мүмкіндік беретін тәуелсіз әрі үздіксіз жұмыс істейтін ұлттық төлем инфрақұрылымын қалыптастыру.
Кәсіпкерлер үшін қандай мүмкіндік береді?
Жаңа жүйе ең алдымен кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған. Бұған дейін әртүрлі банктердің QR-төлемдерін қабылдау үшін бірнеше POS-терминал қажет болса, енді барлық банктің клиенттерінен төлемді бір терминал арқылы қабылдауға мүмкіндік туады.
Ал тұтынушылар үшін Бірыңғай QR арқылы төлем жасау тегін болады.
Ұлттық банк заңнамаға сәйкес маңызды талапты да еске салды. Банкаралық Бірыңғай QR арқылы жүргізілетін төлем бойынша комиссия мөлшері кәсіпкер үшін басқа банктің төлем картасымен жасалған төлемнен алынатын комиссиядан жоғары болмауы тиіс.
Комиссия қалай бөлінеді?
Егер сатып алушы мен сатушыға бір банк қызмет көрсетсе, тарифті сол банк белгілейді.
Ал банктер әртүрлі болған жағдайда комиссия бірнеше бөлікке бөлінеді.
Сатып алушының банкі 1% көлеміндегі банкаралық (interchange) комиссияны алады. Банктер бұл қаражаттың бір бөлігін клиенттеріне бонус немесе кэшбек ретінде қайтара алады.
Қалған комиссия кәсіпкерге қызмет көрсететін банкке тиесілі болады.
Сонымен қатар, екі банк те операторлық қызмет үшін Ұлттық төлем корпорациясына төлем жүргізеді. Бұл ретте:
телефон нөмірі арқылы жасалған банкаралық аударымдар үшін – 0 теңге;
Бірыңғай QR арқылы төлемдер үшін – 0,05% төленеді.
Ұлттық банк телефон нөмірі арқылы жасалатын банкаралық аударымдар үшін Ұлттық төлем корпорациясы банктерден де, олардың клиенттерінен де ешқандай комиссия алмайтынын атап өтті.
Ұлттық банк тарифтерді бақылап отыр
Реттеушінің мәліметінше, жаңа жүйенің жұмысы мен банктердің тарифтік саясаты тұрақты бақылауда болады.
Сонымен бірге Ұлттық банк соңғы екі жылда халықаралық төлем жүйелері Visa, Mastercard және UnionPay, сондай-ақ екінші деңгейлі банктермен бірлесіп төлем карталары бойынша банкаралық комиссияларды екі есеге дейін төмендеткенін еске салды.
Нәтижесінде:
- қарапайым карталар бойынша комиссия 1,8-2%-дан 1%-ға дейін;
- премиум карталар бойынша 2,4%-дан 1,2%-ға дейін;
- суперпремиум карталар бойынша 2,45%-дан 1,4%-ға дейін қысқарған.
Болашақта қандай сервистер іске қосылады?
Ұлттық банктің айтуынша, Бірыңғай QR қолданыстағы төлем тәсілдерін алмастырмайды. Кәсіпкерлер бұрынғыдай бірнеше банктің терминалын пайдалана алады немесе барлық төлемді бір құрылғыға біріктіруді таңдай алады.
Алдағы уақытта осы жүйе негізінде төлем жасау туралы сұрау жіберу, компаниялар мен мемлекеттік органдар арасындағы есеп айырысу, трансшекаралық төлемдер, басқа да цифрлық қаржы сервистері іске қосылады.
Ұлттық банктің мәліметінше, 17 шілдеден бері жаңа жүйе арқылы 1 миллионға жуық транзакция өңделген. Бұл қазақстандықтардың Бірыңғай QR сервисіне қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді.
Реттеуші ұлттық төлем инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша ашықтық қағидатын ұстанатынын және қоғаммен диалог жүргізуді жалғастыратынын мәлімдеді.