Бүгiн 2026, 10:00 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Ұлттық банк жаңа лимит енгізеді: Енді кім несие ала алмайды

Алдағы уақытта ресми табысы жоқтар несиесіз қалуы мүмкін.

Қазақстанда несие беру талаптары күшейтілмек. Енді әр азамат үшін қарыздың жалпы көлеміне жеке лимит белгіленеді. Ұлттық банк жиынтық борыш коэффициентін енгізіп жатыр. Ол клиенттің ресми табысына қарай есептеледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осылайша, жалақыны конвертпен алатындар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар несие ала алмай қалуы мүмкін.  

«Ипотека алу жылдан-жылға қиындап барады»

Сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда ипотека рәсімдеу талаптары айтарлықтай қатаңдаған. Банктер қарыз алушының ресми табысына, несие тарихына және ай сайынғы төлем қабілетіне бұрынғыдан да мұқият қарай бастады. Бұған қоса, баспана бағасының өсуі мен бастапқы жарна көлемінің артуы көптеген азамат үшін ипотеканы қолжетімсіз етіп отыр.

Жақын арада ипотека ғана емес, қарапайым тұтынушылық несие алу да қиындай түсуі мүмкін.

Жиынтық борыш коэффициенті қалай есептеледі?

Ұлттық банк жиынтық борыш коэффициентін бекітті. Енді қазақстандықтар табысынан 8 жылдық мөлшерден асатын сомаға несие ала алмайды. Есептеу кезінде ипотека, бөліп төлеу, автонесие, тұтынушылық және микроқарыздардың барлығы ескеріледі.

Жиынтық борыш коэффициенті қарыз алушының берешек көлемін оның жылдық табысына шаққандағы мөлшермен көрсетеді. Оның жоғары болуы борыш жүктемесінің артқанын және қарыз алушының төлем қабілеті төмендеу қаупінің күшейгенін білдіреді, - дейді Ұлттық банк өкілдері.

Сарапшылар жаңа шектеуге не дейді?

Экономистердің пікірінше, 8 жылдық табыс көлеміндегі лимит – тым жоғары көрсеткіш.

Іс жүзінде қазақстандықтардың мұндай көлемде несие алуы екіталай. Өйткені қазірдің өзінде барлық қарыз бойынша ай сайынғы төлем жалақының 50 пайызынан аспауы керек деген талап бар. Бұл рұқсат етілетін несие көлемі шамамен 4 жылдық табыстан аспайтынын білдіреді.

Дегенмен сарапшылардың айтуынша, мұндай шара экономикаға кері әсер етуі мүмкін.

Қазақстанда тұтынушылық несие көлемі азаяды. Бұл тікелей саудаға әсер етеді. Қазір шағын және орта бизнес тауарларын қосымшалар арқылы белсенді сатып жатыр. Несие мақұлдау деңгейі төмендейді. Әсіресе ипотека саласында жылжымайтын мүлік нарығына әсері сезілуі мүмкін», – дейді «R-Finance» компаниясының экономисі әрі қаржы кеңесшісі Арман Байғанов.

Жаңа талап қашан күшіне енеді?

Жиынтық борыш коэффициентін елде келесі жылдың қаңтарынан бастап енгізу жоспарланып отыр. Ұлттық банк бұл қадам қарыз жүктемесін азайтып, төлем қабілеті төмен азаматтарды іріктеуге көмектеседі деп санайды. 

 Қазақстандықтардың қарызы 25 триллион теңгеден асты

Ұлттық банктің деректеріне сүйенсек, қазір қазақстандықтардың банктер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы жалпы берешегі 25 триллион теңгеден асып кеткен. Соңғы жылдары әсіресе тұтынушылық несиелер мен бөліп төлеу қызметтеріне сұраныс күрт артқан.

Сарапшылардың айтуынша, бүгінде көптеген азаматтың бір уақытта бірнеше несиесі бар. Оның ішінде ипотека, автонесие, тұтынушылық қарыз және микронесиелер қатар рәсімделеді. Кей жағдайда ай сайынғы төлемдердің көлемі адамның табысының жартысынан асып кетеді.

Қаржы нарығындағы мәліметтерге сәйкес, соңғы жылдары онлайн рәсімделетін несиелердің саны да көбейген. Әсіресе бөліп төлеу сервистері мен мобильді қосымшалар арқылы берілетін қарыздарға сұраныс жоғары.

Экономистер мұндай үрдіс халықтың борыш жүктемесін күшейтіп, төлем қабілетіне қауіп төндіруі мүмкін екенін айтады. Осыған байланысты Ұлттық банк қарыз көлемін азаматтардың ресми табысына қарай шектеуді көздеп отыр.