Ұлттық банк Цифрлық теңге туралы фейк ақпараттардан сақ болуды ескертеді

Цифрлық теңге қолма-қол ақша мен қолма-қолсыз ақшаның орнын ауыстырмайды, қолданыста олармен қатар жүретін болады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан Ұлттық банкі және ҚҰБ төлем және қаржы технологияларын дамыту орталығы (ТҚТДО) Цифрлық теңге туралы фейк ақпараттар мен хабарламалардың пайда болғанын ескертеді.

Цифрлық теңге төңірегінде қызығушылық артқандықтан алаяқтар жоба туралы ақпаратты теріс мақсатта пайдаланып, жұртты адастыруға көшті. Мессенджерлерде жаңалықтар шығарылымы форматында қолма-қол ақшаны цифрлық теңгемен ауыстыру туралы фейк ақпараттар мен видеороликтер тарап жатыр. Ал, цифрлық теңге жобасына инвестиция салуды жарнамалаушылар алаяқтық сайттарды жасауға көшкен. Бұл хабарламалардың барлығы да шындыққа жанаспайды.

Цифрлық теңге қолма-қол және қолма-қол ақшасыз аударымдардың орнын ауыстыру үшін шығарылмаған, ол қолданыста қатар жүретін болады. Цифрлық валюта бірегей технологиялық сипаттамалардың арқасында Қазақстанның Ұлттық төлем жүйесін одан әрі дамытуды көздейді, оның ішінде интернетсіз төлем жасау мүмкіндігі де пайда болады.

Қазір «Цифрлық теңге» жобасы әзірлеу және сынақтан өткізу кезеңінде тұр. Ұлттық цифрлық валютаны енгізу бойынша нақты шешім осы жылдың соңына дейін қабылданады деп жоспарлануда. Ал, Ұлттық банк цифрлық валютаның артықшылықтары мен тәуекелдерін, оның ақша-кредит саясатына, қаржылық тұрақтылыққа және төлем қызметі нарығына әсерін жан-жақты зерттеп жатыр.

Цифрлық теңге жобасы туралы ресми ақпарат көзі – Ұлттық Банктің nationalbank.kz интернет-ресурсы және ТҚТДО-ның payfintech.kz сайты. Өзге сайттардың, әсіресе «.kz» домендік кеңістігінен тыс тіркелген сайттардың бұл жобаға еш қатысы жоқ. Кеңес алу үшін Ұлттық Банктің 1477 байланыс орталығына хабарласуға болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы