Ұлттық банк: Теңге бағамына байланысты дүрлігуге негіз жоқ
Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов теңгенің девальвациясы және экономикалық ахуалдың нашарлауына байланысты жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бұл мәселелерге қатысты үрей мен дүрлігуге ешқандай негіз жоқ.
Бұл туралы ол базалық мөлшерлеменің 16,5% деңгейінде сақталғанына байланысты өткен брифингте мәлімдеді. Журналистер теңге бағамына қатысты нақты болжам сұрағанымен, Сүлейменов Ұлттық банк нақты бағам көрсеткішін болжай алмайтынын айтты, себебі бұл — регулятор қызметінің шеңберінен тыс.
Девальвация дегенде жұрт бір күнде болатын күрт өзгерісті елестетеді. Бірақ бұл инфляциялық таргеттеу мен еркін айырбас бағамы жағдайында мүмкін емес, – деді ол.
Сүлейменовтің айтуынша, теңге бағамы өзгеруі мүмкін, алайда бұл ішкі және сыртқы факторларға байланысты біртіндеп жүреді. Негізгі фактор – мұнай бағасы.
Егер мұнай мен басқа да экспорттық тауарларымыздың бағасы қолайлы деңгейде қалса және импорт төмендесе, онда жағдай тұрақты болады, – деді Ұлттық банк басшысы.
Сондай-ақ ол әлемде жаһандық қаржы, энергетика және тауар нарықтарындағы өзгерістерді дәл болжай алатын бірде-бір экономист жоқ екенін атап өтті. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі мен сарапшылар тобы Brent маркалы мұнай бағасы 50–55 доллар аралығына түскен жағдайда жүзеге асырылатын сценарийлер бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын хабарлады.
Қазір экономикалық өсім мен мемлекеттік қаржы көрсеткіштері болжанған шеңберде. Демек, қазіргі жағдай тұрақты. Алдағы жағдай жаһандық нарықтарға байланысты болмақ, – деді Сүлейменов.
Айта кетейік, 10 сәуірдегі сауда қорытындысы бойынша теңгенің долларға қатысты бағамы – 515,3 теңге. Ал Brent маркалы маусым айындағы мұнай фьючерстері бір баррель үшін 63,39 доллардан саудаланып отыр.