"Ұлттық банк қызметкері" шымкенттік зейнеткерді алдап кетті
Шымкентте 61 жастағы зейнеткер "Ұлттық банктен қоңырау шалып тұрмын" деген алаяққа алданып, 2 миллион теңгесінен айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бейтаныс адам әйелге оның жинаған қаражатына қауіп төніп тұрғанын айтып, ақшаны "қауіпсіз шотқа" шұғыл аударуға үгіттеген. Зейнеткер оған сеніп, көрсетілген шотқа ақша аударған. Кейін бұл шоттың бөтен адамның атына тіркелгені белгілі болды.
Оқиғаның мән-жайын түсінген зейнеткер сотқа жүгінді.
Белгілі болғандай, зейнеткердің ақшасы аударылған шот "дроппер" деп көрсетілген адамның атына тіркелген.
Жауапкер сотта бұл қаражатты қоңырау шалған адамның өтінішімен қабылдағанын және кейін оны үшінші тұлғаларға аударғанын айтты. Бірақ ол қаражаттың заңды негізін дәлелдей алмады және оның қайдан, қандай жолмен келгенін анықтауға тырыспаған.
Жауапкерден талап қоюшының пайдасына негізсіз баю ретінде 2 млн. теңге өндірілді. Апелляциялық саты шешімді өзгеріссіз қалдырды. Шешім заңды күшіне енді, - деп жазылған сот хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін "Банк қызметкері" қарағандылық зейнеткерді тақырға отырғызған.