Ұлттық банк: Қазақстандықтардың 60 пайызы қолма-қол ақшаны пайдаланады

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Ұлттық банк басшысынан БАҚ өкілдері елдегі қолма-қол ақшаға сұраныстың қандай деңгейде екендігін сұрады. 

Елде қолма-қол ақшаға сұраныс бар. Ұлттық банк жүргізген сауалнамаға сәйкес, қазақстандықтардың 60 пайызы қолма-қол ақшаны қолданғанды құп көреді, - деп атап өтті Ғалымжан Пірматов. 

Айтуынша, қолма-қол ақшасыз төлемдердің көлемдері өте жылдам өскен. 

Қолма-қол ақшасыз төлем өте ыңғайлы. Бірақ сонымен қатар біз жақында әлеуметтік зерттеу жүргіздік. Қазақстандықтардың 60 пайызы қолма-қол ақшаны қолдануды дұрыс деп санайтын болып шықты. Бұл көрсеткіш әсіресе елдің өңірлерде қатты байқалады. Соңғы бес жылда ақшалай тұлғаланудағы қолма-қол төлемнің өсуі жылына 9,9 пайызды, ал айналымдағы банкнот түрінде 7 пайызды көрсетті. Яғни қолма-қол айналымдағы банкнотпен қамтамасыз етудің қажеттілігі тұрақты түрде өсіп отыр. Әр қазақстандыққа 27 банкноттан тиесілі екен. Қолма-қол ақшаны қолданбайтын Швецияның өзінде бір азаматқа 30 банкноттан тиесілі. Сондықтан қолма-қол ақшаға сұраныс бар, ол әлі де жалғасады. Біздің банкнот шығаратын фабрика да жоспарлы режимде жұмыс істеп тұр, - деді Ұлттық банк төрағасы. 

Сонымен қатар ол коронавирус пандемиясына байланысты төтенше жағдай жарияланған уақытта қолма-қол ақшаға сұраныстың бірден артқанын айтты. 

Сұраныс әдеттегі орташа қажеттілікпен салыстырғанда бірден 4 есеге артты. Қаңтар оқиғасы кезінде де қолма-қол ақшаның қажеттілігі туындады. Сондықтан Ұлттық банк бұл жұмысты жалғастырады. Біз оның тек өзіндік құнын ғана емес, дизайнын, оның қорғалу деңгейін әлемдік трендтерге сәйкестендіруге тырысамыз, - деді Ғалымжан Пірматов. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: naryk.kz
Өзгелердің жаңалығы