Ұлттық банк: Қаржы жүйесін тұрақтандыру кезең-кезеңімен жүргізіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Банк жүйесі жұмысын қалпына келтіру әлеуметтік маңыздылығы мен бірінші кезектегі қажеттілікке орай кезең-кезеңімен орындалады. Бұл туралы Ұлттық банк хабарлады.

Қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Қазақстан Ұлттық Банкі Интернет жұмысының тұрақсыздығына және Алматы мен басқа да аймақтарда антитеррорлық операциялардың жалғасып жатқанына байланысты банк жүйесі жұмысын қалпына келтіру ісі халық пен бизнес үшін әлеуметтік маңыздылығы мен бірінші кезектегі қажеттілікке орай кезең-кезеңімен орындалатынын хабарлайды – делінген хабарламада.

1. 2022 жылғы 10 қаңтарда мемлекеттік бюджет пен қаржы секторында төлемдерді теңгемен жүргізу үшін, соның ішінде азаматтардың шотына айлық еңбекақы мен жәрдемақыны және зейнетақыны аудару үшін «ҚР ҰБ Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы» РМК төлем жүйесі штаттық режимде жұмыс істейтін болады. Бұл өз кезегінде ең алдымен еліміздің барлық аумағында халық пен бизнеске  ішкі төлемдерді ұлттық валютада еш кідіріссіз жүргізуге мүмкіндік береді.

2. Қаржы ұйымдарының тиімділігін қолдау мақсатында 2022 жылдың 10 қаңтарынан бастап Қазақстан қор биржасында (KASE) РЕПО операция нарығы мен мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын теңгеде құрылымдау қамтамасыз етіледі.

3. Алматы мен басқа да аймақтарда жағдайдың тұрақталуына, сондай-ақ байланыс арналарының реттелуіне қарай Қазақстан қор биржасының валюта алаңында сауда-саттықты қайта жандандыру және халықаралық төлемдер мен аударымдарды өткізу бойынша тиісті шаралар қабылданады.

Осыған байланысты екінші деңгейлі банктер мен құзыретті ұйымдардың айырбас пунктерінде қызметкерлер мен клиенттердің қауіпсіздігі үшін және айырбас пунктерінің өз қалпында сақталуы үшін жұмысы уақытша тоқтатылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы