Бүгiн 2026, 17:04 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Қазақстан оффшор елдердің тізімін жариялады

Қазақстанда офшорлық аймақтар ресми бекітілді. Ұлттық банк жариялаған тізімге 40-тан астам ел мен аумақ енген. Бұл шешім цифрлық активтер мен қаржы операцияларын қатаң бақылауға бағытталған.

Қазақстанда қай юрисдикциялар оффшорлық аймақтарға жататыны ресми түрде анықталды. Тиісті қаулыны 2026 жылғы 10 сәуірде Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі қабылдады. Құжат цифрлық активтер туралы заң аясында жарияланды.

Бұл жай ғана формалды тізім емес. Оған ерекше салық режимі бар 40-тан астам мемлекет пен жекелеген аумақтар енгізілген. Олардың қатарында Багам аралдары, Белиз, Панама, Мальта, Сейшел аралдары және басқа да елдер бар.

Сондай-ақ құжатта «ішінара» оффшорлар да жеке көрсетілген.

Мысалы, АҚШ тізімге толық емес, тек белгілі бір аумақтары бойынша енгізілген – Америкалық Виргин аралдары, Вайоминг штаты, Гуам және Пуэрто-Рико. Осындай тәсіл Испанияға (Канар аралдары), Португалияға (Мадейра), Нидерландқа (Аруба мен Антиль аралдары), Жаңа Зеландияға (Кук аралдары мен Ниуэ), сондай-ақ Қытайға – Макао аймағы бойынша қолданылған.

Тізімге классикалық оффшорлық аймақтар да кірген: Маршалл аралдары, Науру, Самоа, Вануату, Сент-Китс пен Невис, Сент-Люсия, Тринидад және Тобаго және басқа да юрисдикциялар, - делінген құжатта.

Іс жүзінде бұл тізім енді цифрлық активтер мен қаржы ағындарына қатысты операцияларды реттеуде негізгі бағдар болады.

Құжат «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» заңға сәйкес қабылданған және аталған юрисдикциялармен байланысты транзакциялар мен қаржылық операцияларды бақылау кезінде қолданылатын болады.