Ұлттық банк Нархозға 30 грант бөледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. MBA-дің «Қаржы талдаушысы», «Қаржылық тәуекел-менеджері», «Макроталдау мен болжау» және «Актуарий» бірлескен бағдарламалары аясында Ұлттық банктің гранттары бойынша «Нархоз университеті» КеАҚ-та оқуға конкурстық өтінімдер 2022 жылғы 25 шілдеге дейін қабылданады.
Бағдарламаларда академиялық пәндер, оның ішінде қаржы, макроэкономика, эконометрика, математика, деректерді талдау қамтылады. Бұл бағдарламалардың мақсаты – Ұлттық банкте, оның еншілес ұйымдарында, сондай-ақ Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде жұмыс істеу үшін кәсіби кадрларды даярлау, Қазақстанның қаржы секторы мен мемлекеттік басқару секторы үшін мамандарды оқыту.
Ұлттық банк баспасөз қызметінің мәліметінше, дәрістің басталуы 2022 жылдың қыркүйек айына жоспарланып отыр. Оқу мерзімінің ұзақтығы – 2 жыл. Университетті бітіріп шыққан мамандарды Ұлттық банкке, оның ұйымдарына және ҚНРДА-ға жұмысқа орналастыру көзделген.
Грантқа онлайн-өтінім, бағдарламалардың мазмұны, кандидаттарға қойылатын талаптар Нархоз университетінің сайтында көрсетілген: applied-finance.narxoz.kz.