6 Қараша 2026, 20:58 Фото: Ұлттық банк

Ұлттық банк мөрі және қол қойылған хат: Алаяқтар ақшаны қалай ұрлайды?

Алаяқтар қазақстандықтарға Ұлттық банктің бланкісіне ұқсайтын жалған хаттар таратып жатыр. Онда ұрланған ақшаны қайтарып беруге уәде беру  немесе ірі ақша аударымы келгенін хабарлайды, бірақ алдымен ақша төлеуді сұрайды. Ұлттық банк бұл – алаяқтық екенін ескертеді.

Схема қалай жұмыс істейді?

Схема екеу. Біріншісінде адамға алаяқтардың құрбаны болғаны туралы хат келеді. Ал ақшаны қауіпсіз түрде қайтару үшін көрсетілген шотқа қаражат аудару қажет болады.

Екіншісінде атына ақшалай аударым келіп түскені хабарланады. Оны алу үшін қаражатты тіркеу немесе «декларациялау» үшін ақша енгізу қажет деп ақпараттандырады.

Кейде осындай алаяқтық әрекеттерге Қаржылық мониторинг агенттігінің немесе Ұлттық банктің қызметкерлеріміз деп танысатын адамдар қосылады. Олар «инкассатор көлігіне тапсырыс беру» және ақшаны «мекенжайы бойынша жеткізу» туралы айтып береді.

Олардың жіберетін құжаттары да бір қарағанда салмақты көрінеді. Ресми құжатқа ұқсас жалған парақта мөр мен электрондық цифрлық қолтаңба тұр. Алайда қолтаңба да, мөр де қолдан жасалған және белгіленген талаптарға сай келмейді.

Нені білу маңызды?

Ұлттық банк қарапайым азаматтардың шоттарына қызмет көрсетпейді, ақшаны декларациялаумен айналыспайды және халықпен есеп айырысу жүргізбейді.

Ұлттық банк адамдарға мессенджерлерде, электрондық поштада және әлеуметтік желілерде хат жазмайды. Ол ресми хат-хабарды негізінен мемлекеттік органдармен, банктермен және басқа да ұйымдармен жүргізеді, ал азаматтардың өтініштерін «Е-өтініш» жүйесі арқылы қабылдайды.

Егер сізге осындай хат келсе, ақша аудармаңыз және жіберушіге жауап бермеңіз. Егер сіз алаяқтарға тап болсаңыз, полицияға хабарласыңыз. Ақпаратты Ұлттық банктің 1477 қысқа нөмірі арқылы байланыс орталығынан нақтылауға болады.

Айта кетейік, бұған дейін ақмолалық әйел бір жылдан кейін атына 2 млн теңге несие рәсімделгенін білді. 

Тағы оқи отырыңыз: 

«Сотта тамыр-танысым бар»: Астанада пара беремін деп алаяққа алданған азаматтың ісі қаралды