Ұлттық банк инфляцияны тежеу үшін алтын сатып алу саясатын өзгертіп жатыр

Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов инфляциялық қысымды төмендетуге бағытталған тағы бір шараны айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлттық Банк өз қызметі аясында алтын өндіруші отандық кәсіпорындардан алтын сатып алуда мемлекет құқығын іске асырады. Бұл шара халықаралық резервтерді толықтыруға және экономиканың сыртқы нарықтағы өзгерістерге ұшырамай дамуына бағытталған. Осы саясатты ұстану табысты болып, резерв көлемін 45,8 млрд долларға дейін, оның ішінде алтын көлемін 23,8 млрд долларға дейін өсіруге мүмкіндік берді, – дейді Тимур Сүлейменов.

Ұлттық банк басшысы мұндай операциялар теңге эмиссиясы есебінен қаржыландырылатынын айтты.

Яғни экономикадағы ақша көлемін арттырып, оның тауарлық массадан асып түсуіне жол береді. Бұл, әрине, инфляцияға әсер етпей қоймайды. Осындай әсерлерін азайту үшін өткен жылы Ұлттық Банк алтын сатып алудың орнына монетарлық бейтараптылық саясатына көшу туралы пікірталас өткізді. Сол пікірталастың нәтижесінде және жүргізілген талдауды ескеріп, алтын сатып алуға байланысты операцияларды теңгеру арқылы доллар сатуға кірісеміз, – деді Тимур Мұратұлы.

Сүлейменов бұл операциялар валюталық интервенцияға жатпайды дейді.

Операциялардың негізгі міндеті – экономикадағы артық ақшаны қысқарту және инфляцияның нысаналы деңгейін 5%-ке жеткізу. Осы шаралар iшкi нарықта валютаға ұсыныс қалыптастырып, iшкi валюта нарығында балансты сақтауға ықпал етеді, – деді ол.

Еске сала кетейік, осыған дейін Тимур Сүлейменов теңгенің неге әлсірегенін айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы