Ұлттық банк халықтың шектен тыс несиеге батуына қарсы қатаң шаралар қолданады
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Сенат отырысында 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджетке қатысты баяндама жасап, экономика тұрақтылығын қамтамасыз ету және инфляцияға қарсы шараларға тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, сыртқы жағдайларға қарамастан, елдегі экономикалық ахуал оң серпінді сақтап отыр.
10 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 6,4%-ке өскен. Ең жоғары өсу көлік, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі, сауда және өңдеу өнеркәсібі салаларында байқалады. Жылдық инфляция 12,6% деңгейінде болды. Азық-түлік тауарларының бағасы 13,5%-ке, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 11,0%-ке, ақылы қызметтер – 12,9%-ке өсті.
Инфляцияның жоғары өсуі ішкі және сыртқы факторлардың әсерінен қалыптасты. Биылғы қыркүйектен бастап минималды резервтік талаптардың жаңартылған нормативтері күшіне енді. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша өтімділік профициті 7,7 трлн теңгеден 5,8 трлн теңгеге дейін төмендеді. Банктердің резерві 0,8 трлн теңгеден 2,6 трлн теңгеге дейін өсті. Екінші кезеңде алынған өтімділік көлемі 3,5 трлн теңгеге жетсе, үшінші кезеңде 3,9 трлн теңгеге жетеді, - деп атап өтті Ұлттық банк төрағасы.
Айтуынша, жыл басынан валюталық операцияларды «айналау» басталды. Айналау операциясы алтын сатып алудың және валюталық түсімнің эмиссиялық әсерін азайтуға мүмкіндік береді. Биылғы он айда 2,7 трлн теңге алынды. Жыл соңына дейін шамамен қосымша 1 трлн теңге алу жоспарлануда. Бұл эмиссиялық қысымды төмендетіп, экономикада артық өтімділікке жол бермейді.
Тұтынушылық кредиттеуді реттеу – маңызды инфляциялық фактор болып қалып отыр. Банктердің қызметін тұтынушылық кредиттерден бизнесті кредиттеуге қарай ынталандыру үшін микро және макропруденциялды құралдар қолданылуда. Атап айтқанда, секторлық контрциклді капитал буферін іске қосу. Келесі жылғы 1 сәуірге қарай банктер жеке тұлғалардың портфелі бойынша тәуекелі өлшенген активтердің 2% мөлшерінде қосымша капитал буферін қалыптастырады. Қазіргі бағалау бойынша, ол шамамен жарты триллион теңгеге жуықтайды, - деді Тимур Сүлейменов.
Сондай-ақ ол Ұлттық банк кредиттеу динамикасына тұрақты мониторинг жүргізіп, қажет болған жағдайда буфер мөлшерін түзету шешімін Қаржылық тұрақтылық кеңесінің қарауына шығарады деп отыр.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп тұтынушылық кредиттер бойынша жылдық сыйақының шекті мөлшерлемесін төмендету қажеттілігі қарастырылады. Біз борыштық жүктеме коэффициентінің шекті деңгейін төмендетіп, есепке алынатын кіріс құрамын өзгерту қажеттілігін қарастырамыз. Қазір борыштық жүктеме коэффициентінің мәні 0,5 болып отыр. Тиісті шешім келесі жылдың бірінші жартысында қабылданады. Халықтың шамадан тыс кредит алуын шектеу үшін жаңа макропруденциалды құрал – кіріске қатысты борыш коэффициенті іске қосылады. Бұл құрал халықаралық практикада қарыз алушылардың төлем қабілетін бағалап, олардың жалпы берешегін шектеу үшін кеңінен қолданылады, - деді Ұлттық банк басшысы.
Белгілі болғандай, несиені реттеу келесі жылдың бірінші жартысында іске қосылады.