17 Ақпан 2024 2024, 07:09 Фото: -архив

Ұлттық банк: Елімізде инфляция бәсеңдеді

Ұлттық банк қаңтарда жылдық инфляция еліміздің көп аймағында бәсеңдегенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ұлттық банк қаңтарда жылдық инфляция еліміздің көп аймағында бәсеңдегенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қаңтарда елде жылдық инфляция 9,5%-ды құрап (2023 жылғы желтоқсанда – 9,8%), бәсеңдей түсті. Дегенмен, 15 өңірде жылдық инфляция баяуласа, 3 аймақта қарқын алып, 2 өңірде өзгеріссіз қалды.

Жылдық инфляцияның айтарлықтай жоғары мәні Қарағанды, Маңғыстау, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелді, - делінген Ұлттық банк таратқан хабарламада.

Қаңтарда азық-түлік бағасы  8,2%-ға дейін (2023 жылғы желтоқсанда – 8,5%) баяулады. Осы топтағы тауарлар бағасының максималды өсімі Ұлытау облысында (11,3%), ал минималды өсім Шымкент қаласында (5,9%) тіркелді.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны  8,6%-ға дейін бәсеңдеді (2023 жылғы желтоқсанда – 9,1%). Ең жоғары мән Маңғыстау облысында (12,9%), ең төмен мән Ақтөбе облысында (7,1%) расталды.

Қаңтарда ақылы көрсетілетін қызмет бағасы 12,3%-ға дейін бәсеңдеді (2023 жылғы желтоқсанда – 12,4%). Сонымен бірге, Түркістан облысында (17,3%) баға жалпы республикалық деңгейден біршама жоғары, Қызылорда облысында (9,5%) айтарлықтай төмен өсті.

Жыл басында ел бойынша айлық инфляция 0,8%-ға өсті, бұл тарихи орташа мәннен жоғары (2017-2021 жылдардағы қаңтарда – 0,6%).