Ұлттық банк елдегі жылдық инфляцияның деңгейін атады

Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

 Қазақстанда инфляцияның айлық динамикасы осы жылғы наурыз айындағы ең жоғары көрсеткіштен төмендегеніне қарамастан, орташа жылдық мәндерден біршама асып, жеделдей бастады. Оқу жылының оффлайн форматына толық өтуі, Ресейде жарияланған ішінара мобилизациядан кейін көрші елден халықтың ағылуы аясында тұрғын үйді жалдау ақысы бойынша, сондай-ақ білім беру қызметі және кеңсе тауарлары бойынша соңғы екі айда бағаның айтарлықтай өскені байқалды. Жылдық мәнде инфляция 17,7%-ға жетті, - деп атап өтті Ұлттық банк төрағасы.

Оның дерегінше, азық-түлік өнімдері бағасының өсуі бұған айтарлықтай үлес қосқан. 

Ол жылдық мәнде 22,2%-ға жетті. Азық-түлікке жатпайтын инфляция да импорттық тауарлардың қымбаттай түсуінен және оларға сұраныстың жоғары болуынан 17%-ға дейін жылдамдады. Ақылы қызмет көрсету инфляциясы 12,3%-ға жетті. Фискалдық ынталандыру аясында жоғары инфляциялық процестердің орнықтылығы және экономикадағы сұраныстың күшеюі, оның ішінде жоғары инфляциялық күтулерді қолдайтын жаңа күтілмеген сыртқы өзгерістерді ескерсек, ақша-кредит саясатын одан әрі қарқындату талап етіледі, - деді Ғалымжан Пірматов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы