Ұлттық банк: Биыл елімізде іскерлік белсенділік өсті

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Ол әлемдегі және Қазақстандағы іскерлік белсенділікке тоқталды. 

Осы жылдың басында әлемдік экономикалық белсенділік жақсарды. Іскерлік белсенділіктің жаһандық индексі алты ай төмендеген соң қаңтардағы 49,8-ден ақпанда 52,1-ге дейін өсті. Қытай экономикасының ашылуына байланысты сұраныстың артуы, рецессиялық тәуекелдердің төмендеуі, логистикалық маршруттардың жақсаруына қарай баға қысымының әлсіреуі байқалуда. Қазақстанда 8 ай қатарынан теріс аймақта болған іскерлік белсенділік жағдайы да жақсара бастады, - деп атап өтті Ұлттық банк басшысы.

Сонымен қатар ол биыл жыл басынан бері іскерлік белсенділіктің артқанын айтты. 

2023 жылы қаңтар айында іскерлік белсенділік индексі өсу аймағына өтіп, 50,7-ні құрады. Ақпан айында индикатор 50-ді құрап, өзгерістердің болмағанын көрсетті. Барлық секторларда тауар жеткізу мерзімдерінің ұзақтығы іскерлік белсенділікті тежейтін фактор болып тұр, - деді Ғалымжан Пірматов. 

Айта кетейік, Сенатта «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы қаралып жатыр.  

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ұлттық банк
Өзгелердің жаңалығы