Бүгiн 2026, 18:39 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Базалық мөлшерлеме төмендеді: Несие, ипотека және депозитке не болады?

Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені жылдық 18%-дан 17%-ға дейін төмендетті.

Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені жылдық 18%-дан 17%-ға дейін төмендетті. Бұл шешім соңғы айлардағы ең көп талқыланған экономикалық жаңалықтардың біріне айналды. Бизнес үшін бұл ақша-несие саясатының жұмсаруы мүмкін деген белгі болса, қарапайым азаматтар үшін несие мен депозит мөлшерлемелері өзгере ме деген сауал туындатты.

Көптеген қазақстандық үшін Ұлттық банктің бұл шешімі маңызды. Себебі базалық мөлшерлеме несиенің құнына, депозиттердің табыстылығына, теңге бағамына және инфляция деңгейіне әсер етеді. Алайда бұл ықпал бірден байқалмайды. Сондықтан мөлшерлеменің төмендеуі несиелердің автоматты түрде арзандайтынын білдірмейді.

BAQ.KZ тілшісі қарыз алушылар мен депозит иелерін алдағы уақытта не күтіп тұрғанын және реттеушінің шешімі экономикаға қалай әсер етуі мүмкін екенін саралап көрді.

Ұлттық банк неге мөлшерлемені төмендетті?

Базалық мөлшерлеме – экономикадағы ақша құнының негізгі бағдары. Ол көтерілген кезде несие қымбаттап, депозиттердің табысы артады. Ал мөлшерлеме төмендесе, керісінше жағдай қалыптасады.

Ұлттық банк бұл шешімді инфляцияның баяулауына байланысты қабылдады. Мамыр айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 10,4%-ды құрады. Ал өткен жылдың күзінде бұл көрсеткіш 12%-дан асқан болатын.

Сонымен қатар ел экономикасында баяулау белгілері байқала бастады. Іскерлік белсенділік төмендеп, құрылыс қарқыны бәсеңдеп, тұтынушылық сұраныс азайған.

Экономист Арман Бейсембаевтың пікірінше, осындай жағдайда реттеуші экономикалық белсенділікті қолдауға мәжбүр болды.

Экономикада баяулау белгілері байқалды. Іскерлік белсенділік төмендеп, құрылыс қарқыны бәсеңдеп, халық табысы азайып жатыр. Мұндай жағдайда мөлшерлемені төмендету экономикалық өсімді қолдауға және сұранысты ынталандыруға бағытталған қадам болды, – дейді сарапшы.

Сонымен қатар мөлшерлеменің бірден 1 пайыздық тармаққа төмендеуі нарық қатысушылары күткеннен де батыл шешім болды.

Несиелер арзандай ма?

Алғаш қарағанда базалық мөлшерлеменің төмендеуі несиелердің де арзандауына алып келуі тиіс сияқты көрінеді. Бірақ іс жүзінде жағдай әлдеқайда күрделі.

Арман Бейсембаевтың айтуынша, қазақстандықтар несие өнімдерінің көпшілігі бойынша мөлшерлеменің айтарлықтай төмендеуін байқамауы мүмкін.

Ипотека бойынша мөлшерлемелер сәл төмендеуі ықтимал, себебі бұл ұзақ мерзімді өнім. Бірақ тұтынушылық несиелердің айтарлықтай арзандауына негіз жоқ, – дейді экономист.

Оның айтуынша, банктер бүгінде бірнеше қиындықпен қатар бетпе-бет келіп отыр.

Базалық мөлшерлеменің төмендеуі өздігінен несиенің арзандайтынына кепілдік бермейді. Банктер салықтық жүктеменің артуы, резервтерге қойылатын жаңа талаптар, сұраныстың төмендеуі және табыстылықтың қысқаруы сияқты мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан қаржы ұйымдары қосымша шығындарды жабу үшін өз маржасын сақтауға тырысады, – дейді Арман Бейсембаев.

Экономистің сөзінше, мұндай жағдай Қазақстанда бұған дейін де болған.

Біз бұған ұқсас кезеңнен өттік. Базалық мөлшерлеме төмендегенімен, халыққа берілетін несиелердің құны өсе берген жағдайлар болды. Сондықтан несиелер бірден арзандайды деп күтудің қажеті жоқ, – дейді ол.

Осыған ұқсас жағдай 2023–2024 жылдары да байқалды. Ол кезде Ұлттық банк инфляцияның төмендеуіне байланысты базалық мөлшерлемені азайтқанымен, банктер несиелердің құнын қайта қарауға асықпаған еді. Бұл базалық мөлшерлеме мен несие құны арасындағы байланыстың тікелей емес екенін көрсетеді.

Ипотека нарығында не өзгереді?

Егер қандай да бір сегмент Ұлттық банк шешіміне жылдам жауап беретін болса, ол – ипотека нарығы.

Қазір нарықтық ипотекалық өнімдер бойынша мөлшерлеме жылдық 22–23% шамасында. Базалық мөлшерлеме төмендегеннен кейін бұл көрсеткіш 20–22%-ға дейін түсуі мүмкін.

Мөлшерлеме 20–21%-ға дейін төмендесе де, бұл әлі де өте жоғары көрсеткіш. Қазіргі нарықтық ипотеканы көбіне несиесін бірнеше жылдың ішінде жауып тастауды жоспарлайтын азаматтар алады, – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, базалық мөлшерлеменің төмендеуі ипотека нарығын айтарлықтай жандандыра қоймайды. Өйткені ипотеканың құны көпшілік отбасы үшін әлі де жоғары болып қала береді.

Депозиттердің табыстылығы төмендей бастайды

Ал депозит иелері үшін жағдай өзгеше болуы мүмкін.

Егер несиелер Ұлттық банк шешіміне айтарлықтай әсер етпеуі мүмкін болса, депозит мөлшерлемелері керісінше тезірек төмендей бастайды.

Депозиттер бойынша мөлшерлеменің төмендеуі іс жүзінде сөзсіз. Өйткені бұл банктердің клиенттер алдындағы міндеттемесі. Сондықтан салымдардың табыстылығы несиелерге қарағанда жылдамырақ төмендейді, – дейді Бейсембаев.

Соған қарамастан сарапшы азаматтарға жинақтау стратегиясын түбегейлі өзгертуге кеңес бермейді.

Мөлшерлемелер төмендегеннен кейін де Қазақстандағы көптеген депозиттердің табыстылығы екі таңбалы көрсеткіш деңгейінде қалып, инфляциядан жоғары болуы мүмкін.

Мысалы, базалық мөлшерлеме жоғары болған кезеңде кейбір теңгелік депозиттер жылына 16–17% табыс әкелген. Қазір банктер депозит шарттарын біртіндеп қайта қарастырып жатыр. Соған қарамастан депозиттер жинақты сақтаудың ең қолжетімді құралдарының бірі болып қала береді.

Өзгерістер неге бірден сезілмейді?

Ұлттық банктің шешімінен кейін көптеген қазақстандықтар несиелер жақын арада арзандайды деп күтеді. Алайда базалық мөлшерлеменің өзгеруі мен оның халықтың қаржылық жағдайына әсері арасында бірнеше ай уақыт өтуі мүмкін.

Себебі банктер өз өнімдерін қайта қарап, тәуекелдерді бағалап, реттеушінің алдағы әрекеттерін түсінуі қажет.

Арман Бейсембаевтың айтуынша, нарық әзірге мөлшерлемені төмендетудің ұзақ мерзімді үрдіске айналатынына нақты белгі алған жоқ.

Ұлттық банк әзірге бейтарап ұстаным танытып отыр. Мөлшерлемені төмендеткенімен, алдағы қадамдары туралы нақты уәде берген жоқ. Сондықтан бұл ақша-несие саясатын жұмсартудың бастамасы ма, әлде қазіргі экономикалық жағдайға байланысты қабылданған бір реттік шешім бе – оны түсіну маңызды. Сол себепті банктер де мөлшерлемелерді қайта қарауға асықпайды, – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, шешуші фактор Ұлттық банктің келесі отырысы болмақ. Дәл сол кезде реттеушінің мөлшерлемені одан әрі төмендетуге дайын екені немесе үзіліс жасайтыны белгілі болады.

Сондықтан қазақстандықтарға жақын уақытта несиелердің айтарлықтай арзандауын немесе қаржы өнімдері шарттарының күрт өзгеруін күте тұруға тура келеді.

Инфляция мен теңге бағамына әсері қандай?

Мөлшерлемені төмендету әрдайым белгілі бір тәуекелдермен қатар жүреді.

Ақшаның арзандауы сұранысты арттырады, ал бұл өз кезегінде бағаның өсуіне әсер етуі мүмкін. Сонымен бірге мөлшерлеменің төмендеуі ұлттық валюта бағамына қысым түсіреді.

Арман Бейсембаевтың айтуынша, Ұлттық банк бұл мәселеде өте сақ болуы қажет.

Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені әрі қарай төмендетуге мүмкіндігі бар. Бірақ тым жылдам әрекет ету теңгелік активтерден капиталдың кетуіне, ұлттық валютаның әлсіреуіне және инфляцияның қайта үдеуіне алып келуі мүмкін. Егер инфляция қайта өсе бастаса, реттеуші мөлшерлемені қайта көтеруге мәжбүр болады. Бұл қазіргі шешімнің тиімділігін жоққа шығаруы мүмкін, – дейді сарапшы.

Сонымен бірге экономист теңгенің біртіндеп әлсіреуін міндетті түрде жағымсыз құбылыс деп есептемейді. Оның айтуынша, соңғы айларда теңгенің шамадан тыс нығаюы экспорттаушыларға қиындық туғызып, бюджет түсімдерінің азаюына әсер еткен. Сондықтан ұлттық валютаның бірқалыпты әлсіреуі экспортқа бағытталған салаларды қолдауы мүмкін.

Жыл соңына дейін не күтеміз?

Әзірге Ұлттық банк ақша-несие саясатын жұмсарту бағытындағы алғашқы қадамын ғана жасады. Бұл үрдіс жалғаса ма, жоқ па – алдағы отырыстарда белгілі болады.

Егер инфляция төмендеуін жалғастырса, реттеуші базалық мөлшерлемені тағы да біртіндеп төмендетуі мүмкін. Ал баға өсімі қайта күшейсе немесе теңге бағамы күрт әлсіресе, Ұлттық банк үзіліс жасауы ықтимал.

Биыл несиелердің күрт арзандауын күтпеймін. Банктер сақтықпен әрекет етеді. Ал депозит иелері мөлшерлемелердің біртіндеп төмендей бастағанын сезінеді. Сондықтан қазақстандықтар үшін басты өзгеріс арзан несиеден гөрі жинақтардың табыстылығының төмендеуі болуы мүмкін, – дейді Арман Бейсембаев.

Осылайша, базалық мөлшерлеменің төмендеуі экономика үшін маңызды белгі болғанымен, оның халыққа әсері бірден байқалмайды. Алдағы айларда несиелер айтарлықтай арзандай қоймауы мүмкін, ал депозиттердің табыстылығы біртіндеп төмендей бастайды. Оқиғаның әрі қарай қалай өрбитіні инфляция деңгейіне, теңге бағамына және Ұлттық банктің екінші жартыжылдықтағы шешімдеріне байланысты болады.