Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендетті.
Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Мөлшерлеме +/- 1 пайыздық тармақ дәлізімен белгіленді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті бұл шешімді инфляцияның және инфляциялық күтулердің оң динамикасын ескере отырып қабылдаған.
Ұлттық банктің мәліметінше, жылдық инфляция биылғы тамызда 9,8%-ға дейін төмендеген. Дезинфляциялық процесс қатарынан 11 ай жалғасып келеді.
Азық-түлік инфляциясы 9,5%-ға дейін баяулаған. Бұған жеміс-жидек пен көкөніс бағасының айтарлықтай арзандауы және импорттық тауарлар бағасының төмендеуі әсер еткен.
Азық-түлікке жатпайтын инфляция теңге бағамының нығаюы аясында 11,4%-ға дейін төмендеді. Сервистік инфляция да реттелмейтін қызметтер бағасының өсу қарқынының біршама баяулауына байланысты 8,9%-ға дейін азайды.
Тамыздағы айлық инфляция 0,6% болды. Маусымдық факторларды есепке алмағанда бұл көрсеткіш 0,9%-ды құрады. Базалық инфляция 0,7% деңгейінде сақталды.
Халықтың алдағы бір жылға инфляциялық күтулері шілдеде 12,1%-ға дейін төмендеді. Маусымда бұл көрсеткіш 13,4% болған.
Ұлттық банктің мәліметінше, бұған ҚҚС-тың өсуіне, ТКШ тарифтері мен азық-түлік бағасының қымбаттауына қатысты алаңдаушылықтың бәсеңдеуі әсер еткен. Сонымен қатар инфляциялық күтулерге жанар-жағармай бағасының өсуі көбірек ықпал ете бастаған.
Нарықтағы кәсіби қатысушылардың 2026 жылдың соңына қатысты инфляциялық күтулері 10% деңгейінде сақталды.
2026 жылы инфляция 9-11% болады деп болжанып отыр
Ұлттық банк 2026 жылға арналған инфляция болжамын өзгеріссіз қалдырды. Базалық сценарий бойынша инфляция 9-11% деңгейінде болады деп күтіледі.
2027 жылға арналған болжам 6,5-8,5%-ға дейін көтерілді. Бұған сыртқы инфляцияның өсуі, реттелетін бағалар бойынша алғышарттардың қайта қаралуы және фискалдық серпіннің күшеюі себеп болды.
2028 жылы инфляция 5%-дық нысанаға жақын деңгейде тұрақтайды деп болжанып отыр.
Ұлттық банк инфляция тәуекелдерінің теңгерімі проинфляциялық бағытқа ауысқанын атап өтті. Негізгі тәуекелдер ішкі сұраныстың кеңеюіне, инфляциялық күтулердің тұрақсыздығына, жанар-жағармай бағасы мен ТКШ тарифтерінің одан әрі өзгеруіне байланысты.
Сыртқы тәуекелдер геосаяси шиеленістің күшеюі салдарынан азық-түлік пен энергия көздерінің әлемдік бағасының өсуімен байланысты.
ЖІӨ өсімі 4,5-5,5% болады
Ұлттық банктің базалық сценарийінде 2026 жылғы ЖІӨ өсімі 4,5-5,5% деңгейінде сақталды.
Экономикалық белсенділікке жоғары инвестициялық белсенділік, квазифискалдық ынталандыру бағдарламаларын іске асыру және тұрақты тұтынушылық сұраныс ықпал етеді.
2027 жылы ЖІӨ өсімі 4,5% шамасында болады деп болжанып отыр.
Ал 2028 жылы салалық және жүйелік реформалардың іске асырылуы, фискалдық ынталандырудың жоспарлы түрде кеңеюі, сондай-ақ мұнай өндірісі мен экспортының қалпына келуі есебінен экономикалық өсім 4-5%-ға дейін жеделдеуі мүмкін.
Ұлттық банк қазіргі шешім инфляция мен инфляциялық күтулердің оң динамикасы жағдайында қабылданғанын атап өтті.
Сонымен бірге 2027 жылға арналған болжамды бағалауға әсер еткен проинфляциялық факторлар мен тәуекелдердің күшеюіне байланысты базалық мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндігі шектеулі.
Бұдан кейінгі шешімдер инфляция бойынша жаңа деректерге, оның болжамды траекторияға сәйкестігіне, ішкі сұраныс пен инфляциялық күтулердің динамикасына, реттелетін бағаларға, сондай-ақ фискалдық және квазифискалдық ынталандырудың көлемі мен әсеріне қарай қабылданады.
Ақша-кредит саясаты 2028 жылы инфляцияны орта мерзімді 5%-дық нысанаға дейін төмендетуге бағытталады.
Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме бойынша келесі жоспарлы шешімі 2026 жылғы 23 қазанда Астана уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.
24 шілдеде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75%-ға дейін төмендеткенін есе сала кетейік.