Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені өзгертпеді
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,5% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл шешім болжамды раундтың нәтижелеріне негізделді. Оның аясында негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы жаңартылып, инфляция тәуекелдерінің балансы қайта бағаланды.
Жылдық инфляция шілдеде 11,8% деңгейінде сақталды. Азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы үздіксіз өсті, ал қызметтер бағасының өсуі жыл басынан бері алғаш рет баяулады.
Соның нәтижесінде азық-түлік тауарларының жылдық инфляцияға қосқан үлесі бұған дейін негізгі фактор болған қызмет көрсету секторының үлесінен асып түсті. Ақылы қызметтердің инфляциясы реттелетін бағалардың өсу қарқынының төмендеуі есебінен де баяулады.
Шілдеде халықтың инфляциялық күтулері 14,2%-ға дейін өсті. Қысқамерзімді күтулер – құбылмалы, ал ұзақмерзімді күтулер өсіп келеді.
Сыртқы сектордың бағаларға әсері сақталып отыр. Азық-түліктің әлемдік бағасы өсіп келеді. Ресейде инфляция баяулағанына қарамастан жоғары деңгейде қалып отыр. ФРЖ-ның риторикасы біраз жұмсарды, алайда сыртқы монетарлық шарттар біршама нашарлады. Себебі мамырда өткен болжамды раундпен салыстырғанда ФРЖ мөлшерлемесінің төмендеу қарқыны баяуырақ болады деп күтілуде. Бұған ФРЖ таргетінен жоғары болып отырған инфляция, АҚШ сауда саясатымен байланысты тәуекелдер, инфляциядан артық жалақының өсуі ықпал етеді. Саудадағы шиеленістерге байланысты жоғары белгісіздіктен ЕОБ риторикасы байыпты бола бастады.
Тіректі шешімді қабылдау кезінде болжамдарды жаңарту аясында базалық сценарийде Brent маркалы мұнайдың бағасы болжамды кезеңнің соңына дейін орташа есеппен 1 баррель үшін 60 АҚШ доллары деңгейінде қалды.
2025 жылға инфляцияның болжамы нақтыланды. Ортамерзімді кезеңде болжамды бағалау өзгерген жоқ. 2025 жылы инфляция – 11-12,5%, 2026 жылы – 9,5-11,5%, 2027 жылы – 5,5-7,5% шегінде күтіледі. Болжам жекелеген азық-түлік нарықтарында бағаның күрт өсуіне, сұраныс жағынан инфляциялық қысымның күшеюіне байланысты нақтыланды.
Қазақстан экономикасының 2025 жылға арналған өсу болжамы 5,5-6,5%-ға дейін жақсарды. Экономикалық өсімнің қазіргі қарқыны жоғары қалыптасуына орай, жоғары инвестициялық белсенділікке және орнықты тұтынушылық сұранысқа байланысты болжам қайта қаралды. 2026 жылға болжам 4-5% деңгейінде сақталды. Мұнай секторындағы өсімнің жалғасуы және инвестициялық белсенділік 2026 жылы экономиканың өсуін қамтамасыз етеді. Жаңа болжамдарға сәйкес 2027 жылдан бастап ЖІӨ өсуінің қарқыны теңгерімділік деңгейге ұмтылады.
Алдағы айларда инфляция қарқынының айтарлықтай баяуламауы қалыптасып отырған ақша-кредит шарттарын қатаңдатуға негіз болады, ол шарттар инфляцияның 5%-дық ортамерзімді нысанаға қарай орнықты түрде төмендеу траекториясына оралуына ықпал етеді. Осыған байланысты Ақша-кредит саясаты комитеті алдағы отырыстарда базалық мөлшерлемені көтерудің орындылығын қарастыратын болады.