Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтерді

Қазақстан Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 18 пайыз деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлттық банк мәліметінше, инфляцияның өсуі, сұраныстың ұсыныстан асып түсуі және белсенді фискалдық саясат аясында ақша-кредит шарттарының жұмсаруы баға тұрақтылығына қауіп төндірген. Осыған байланысты инфляцияның динамикасын тұрақтандыру және бағаның бақылаудан шығуына жол бермеу үшін шешім қабылданған.

Барлық негізгі көрсеткіштер бойынша инфляцияның өсуі байқалады. Қыркүйекте жылдық инфляция 12,9 пайызға дейін жеделдеп, (тамызда – 12,2%) Ұлттық банктің болжамынан асып түсті. Азық-түліктің жекелеген түрлері өндіріс шығындарының және импорт құнының өсуіне байланысты қымбаттап келеді. Сонымен қатар, сервистік инфляция (15,3%) реттелетін қызметтер бағасының (30,4%) және бірқатар нарықтық қызметтердің қымбаттауы есебінен өскен. Жанар-жағармай нарығын ырықтандыру шаралары аясында азық-түлікке жатпайтын инфляция да үдей түсті. (10,8%) Отын бағасы бір жылда 11,9%, ал қыркүйекте 3,4% өскен, – делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Айлық инфляция да 1,1% деңгейіне жеткен. Базалық және маусымдық факторлар алынып тасталған көрсеткіштер сәйкесінше 1,2% және 1,3% болып, баға өсімінің тұрақты сипат алғанын және қайталама әсерлердің күшейіп келе жатқанын көрсеткен.

Халықтың инфляциялық күтулері 12 айлық кезеңде жоғары әрі құбылмалы болып қалды. Нарықтағы кәсіби қатысушылардың да биылғы жылға арналған инфляция бойынша болжамдары 11,3%-дан 12%-ға дейін артқан.

Сыртқы факторлар да қысымды күшейтуде. Әсіресе, әлемдік азық-түлік нарығындағы тәуекелдер өскен. Соңғы жылдары ет пен өсімдік майының бағасы рекордтық деңгейге жеткен, бұл ішкі нарықтағы бағаға да тікелей әсер етуде.

Ресей Федерациясында инфляция салыстырмалы түрде жоғары болып қалды, дегенмен баяулау белгілері байқалады. Еуропалық одақта инфляция тұрақтанған. Еуропа орталық банкі баға мен экономикалық белсенділіктегі белгісіздікке байланысты мөлшерлемені өзгертпей, үзіліс ұстап отыр. Ал АҚШ-та Федералды резерв жүйесі инфляциялық қысымның бірқалыпты болуы және макроэкономикалық белгісіздік жағдайында жұмыспен қамтуды қолдау мақсатында мөлшерлемені төмендетуге көшті, – делінген хабарламада.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы