Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,25% деңгейінде қалдырды
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 14,25% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жылдық инфляция шілдеде өскен соң тамыз, қыркүйек айларында байыппен төмендеуін жалғастырды. Айлық инфляция орташа тарихи мәндерден және көктем кезі мен жаз басында байқалған деңгейлерден жоғары қалыптасып отыр. Инфляцияның орнықты бөлігі төмендеп келеді, бірақ оның қарқыны әлі де баяу. Қыркүйек айында халықтың инфляциялық күтулері өсті. Сыртқы ортаның тәуекелдеріне әлемдік нарықтардағы азық-түлік бағасының өсуі және Ресейдегі жоғары инфляция жатады. Экономика ішіндегі проинфляциялық қысым фискалдық ынталандыру, тарифтердің өсуінің жалғасуы, орнықты ішкі сұраныс, сондай-ақ инфляциялық күтулердің артуы есебінен сақталып отыр, - дейді Ұлттық банк.
Ортамерзімді перспективада инфляция бойынша 5% мақсатқа қол жеткізу ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтауды қажет етеді.
Жылдық инфляция әлі де таргеттен едәуір алшақ, дегенмен 2024 жылғы қыркүйек айында ол 8,3%-ға дейін төмендеді. Жалпы инфляцияның динамикасы Ұлттық Банктің болжамына сәйкес келеді. Азық-түлік тауарларының неғұрлым төмен инфляциясы баға өсімінің баяулауына үлес қосуда. Дегенмен ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі өнімдерін өндірушілер бағасы, сондай-ақ импорттық баға қайта өсе бастады. Жылдық инфляцияның құрамында жүргізіліп отырған «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы және бірқатар нарықтық қызметтердің қымбаттауы аясында ақылы қызметтер бағасы ең жоғары өсімді көрсетті, - деп мәлімдеді Ұлттық банк.