Ұлттық банк: Базалық мөлшерлеме 18% деңгейінде сақталады
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 18% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Қазіргі шешім болжамды раундтың нәтижесіне, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің жаңартылған бағаларына және инфляциялық тәуекелдердің жалпы балансына негізделген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық банк дерегінше, жылдық инфляция қазанда 12,6% болды (қыркүйекте – 12,9%). Азық-түлік тауарлары бағасының өсуі 13,5%-ға (12,7%) және азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі 11%-ға (10,8%) дейін қарқын алды. Қызметтердегі бағаның өсуі реттелетін тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге бағаның әкімшілік төмендеуі салдарынан 12,9%-ға (15,3%) дейін баяулады. Жоғары инфляциялық динамика ұсыныс мүмкіндігінен жүйелі түрде асып түсетін орнықты сұраныс жағдайында қалыптасады. Тарифтік реформаның және жанар-жағармай нарығын ырықтандыру әсерінің бағалар мен инфляциялық күтулерге таралуы қосымша әсер етіп отыр.
Жекелеген тауар нарықтарында сақталып отырған теңгерімсіздік, орнықты сұраныс, импорттың қымбаттауы және шығындардың өсуі аясында азық-түлік компоненті бұрынғыша инфляцияға көптеп үлес қосты. Сервистік инфляцияның үлесі азайды, алайда бағаның өсу қарқыны баяулағанына қарамастан маңызды күйінде қалып отыр. Азық-түлікке жатпайтын инфляцияда жанармай мен фармацевтикалық өнім бағасының өсуі жеделдегені байқалады, – делінген Ұлттық банк мәлімдемесінде.
Қазанда айлық инфляция 0,5%-ға дейін айтарлықтай баяулады, алайда базалық инфляция 1% деңгейінде – жоғары күйінде қалды. Бұл бір жылға есептегенде 12,2% сәйкес келеді. Сонымен қатар тұтыну қоржынындағы тауарлар мен қызметтердің шамамен 80%-ы 5% таргеттен жоғары қарқынмен қымбаттайды. Осының бәрі баға қысымының орнықтылығы мен кең қамтуын көрсетеді. Бұл проинфляциялық динамика фискалдық және үдемелі квазифискалдық ынталандырудың, сондай-ақ артқан тұтынушылық сұраныстың әсерінен күшейеді.
Халықтың инфляциялық күтулері қазанда қыркүйектегі 13,2%-ға қарағанда 13,6%-ға дейін өсті. Қысқамерзімді күтулер құбылмалы күйінде сақталып, онымен жоғары белгісіздік қатар жүреді. Ұзақмерзімді күтулер 14,3%-ға дейін артты (бұған дейін – 14%). Жоғары инфляциялық күтулер дезинфляция қарқынын шектеп, бағалардың шығын мен сұраныстың өзгеруіне тәуелділігін күшейтеді, – делінген Ұлттық банк мәлімдемесінде.