Бүгiн 2026, 12:02 Фото: BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Ұлттық банк алтын қорын көбейтіп жатыр: Халық не істеуі керек?

Ұлттық банк статистикасы 2026 жылдың екі айында елдің алтын-валюта қоры қарқынды өскенін көрсетті.

Ұлттық банк статистикасы 2026 жылдың екі айында елдің алтын-валюта қоры қарқынды өскенін көрсетті. 2025 жылдың соңында 63,1 млрд долларды құраған қор екі айда 8,3 млрд долларға өскен. Жалпы халықаралық резев 73,7 млрд доллардан асып, соның ішінде алтынның үлесі 57,8 млрд долларға жетті. Екі айдың ішінде алтын үлесінің өсімі 22%-ды құрады. BAQ.KZ тілшісі қаржы сарапшысынан Ұлттық банк неге алтынды көбейтіп жатқанын, бұл теңге тұрақтылығына қалай әсер ететінін және қазақстандықтарға қаражатын қайда сақтау тиімді екенін сұрады.    

“Алтын әлі де қымбаттайды”

Экономист, қаржы сарапшысы Айбар Олжай алтын соңғы екі жылда үздіксіз өсу трендінде болғанын айтты. Содан кейін белгілі бір коррекцияға ұшырап, 17 пайызға түскенін еске салды. Дегенмен экономист барлық сарапшылар алтын бағасы әлі де өседі деп отырғанын атап өтті.  

Биылғы жылдың соңы не келер жылдың басына дейін алтын бағасы троялық унция үшін 5400 доллар деңгейіне жетеді. Бұл алтынның өсу рекорды болады. Ондай баға бұрын болмаған, - деді ол.

Айбар Олжайдың айтуынша, Ұлттық банк алтын үлесін арттыру арқылы макроэкономикалық жағынан ұтымды стратегия ұстанып отыр. Себебі ішкі нарықтан алатындықтан, Ұлттық банк үшін алтын сатып алу өте тиімді.  

Біз алтынды сырттан сатып алмаймыз. Қазақстанда “Алтыналмас”, “Казцинк”, Solidcore сияқты ірі алтын өндіруші компаниялар бар. Олар заң бойынша өндірген алтындарын Ұлттық банкке теңгемен сатады. Әлемдік бағамен емес, одан төмен бағамен. Ұлттық банк алтынды доре немесе тазартылған алтын құймасы түрінде сатып алып, өзінің алтын-валюта қорына қосады. Ұлттық банк сырттан әлемдік бағамен алтын алып шығындалмайды. Сондықтан Ұлттық банк үшін алтын сатып алу өте тиімді, - деп түсіндірді сарапшы.

Сөйтіп әлемдік нарықта алтын бағасы өскен сайын Ұлттық банктің алтын-валюта қорының құны да өседі. Ал алтын резервінің өсуі теңге тұрақтылығына өте жақсы әсер етеді.

Себебі біздегі халықаралық қорлар мықты болса, онда біз кез келген уақытта ұлттық валютаға көрсетілетін инфляциялық болсын, девальвациялық болсын қысымға жауап бере аламыз. Сол кезде теңгенің тұрақтылығы арта түседі және әлемдік инвесторлар теңгеге көбірек сенетін болады. Себебі олар алтын-валюта қорының көлеміне қарайды. Қай елде мұндай қор жеткілікті деңгейде болса, демек ол ел кез келген шок жағдайда валютаны сатып, өзінің ұлттық валютасын қорғап қала алады деп есептеледі, - деді Айбар Олжай.

Экономист Қазақстанның ұлттық валютасын қорғау мүмкіндігі жоғары екенін жеткізді.

Жалпы теңгені қорғау біз үшін салыстырмалы түрде оңай, өйткені алтын-валюта қоры жеткілікті деңгейде. Ұлттық қорды қоспағанда халықаралық резервтеріміз, таза алтын-валюта қоры 80 миллиард долларға жетіп қалды. Оның осылай жақсы өсуіне алтын бағасының өсуі қатты әсер етті, - деді ол.

“Теңгелік депозит тиімді”

Қаржы сарапшысынан Ұлттық банктың алтын үлесін арттыруы қарапайым азаматтар үшін нені білдіретінін сұрадық. "Қаражатты теңгеде сақтау тиімді ме, әлде алтын мен долларға көшу керек пе?" деген сұраққа жауап келесідей болды:

Қарапайым азаматтар күміс не алтын ала қоймайтын шығар. Сондықтан, менің ойымша, біздің азаматтарға теңгелік депозиттер ашуға болады. Қазір жинақтаушы депозиттер бар, мысалы, жылдық 20%-бен. Белгілі бір мерзім, үш ай немесе алты ай, ақшаға тиіспей, оны депозитте ұстасаңыз, сол мөлшерлемемен табыс аласыз. Бұл өте жоғары кірістілік, нарықтағы көптеген құралдардан да жоғары.

Ол қазір базалық мөлшерлеме жоғары болғандықтан, теңгелік депозиттердің де мөлшерлемесі жоғары екенін атады.

Тіпті шетелдік спекулятивті инвесторлар да осыған қызығып, carry trade арқылы келіп отыр. Барлығы теңгені сатып алып, біздің депозиттерді ұстап, содан пайда тауып жатыр. Қазақстандықтарға да қалыспау керек, - деді қаржы сарапшысы.

Айбар Олжай теңгенің қатты құлдырап кетуі екіталай екенін айтты.

2025 жылы, керісінше, теңге күшейді. Егер 2025 жылдың басы мен аяғындағы курсты салыстырсаңыз, теңгенің айтарлықтай нығайғанын көресіз. 2026 жылы да теңге күшеюі мүмкін. Себебі мұнай бағасы барреліне 80 доллардан жоғары болса, ал рубль әлсірей бастаса, теңге керісінше қорғаушы актив ретінде қарастырылуы мүмкін. Көп операциялар теңгеге ауысуы ықтимал. Бұл биржада теңгеге деген сұранысты арттырып, оның бағамын нығайтады, - деді ол.

Сарапшы макроэкономикалық тұрғыдан бұл бюджет үшін аса тиімді емес екенін де жеткізді.

Себебі бюджет шамамен 540 теңге деңгейіндегі бағаммен жоспарланған, ал қазір курс 500-ден төмен. Сондықтан Ұлттық қордан көбірек доллар сатуға тура келеді. Біз шамамен 2,77 триллион теңге көлемінде трансферт алуымыз керек. Бұған дейін белгілі бір көлемде доллар қарастырылған, енді сол соманы қамтамасыз ету үшін көбірек доллар сату қажет болады. Жалпы мемлекет үшін доллардың шамамен 500 теңге деңгейінде болғаны қолайлы. Үкімет үшін де, экономика үшін де осы аралық тиімді. Сондықтан курс 495-510 теңге аралығында болады деп ойлаймын, - деп болжады спикер.

Айбар Олжай дәл осындай жағдайда теңгелік депозиттер арқылы жақсы табыс табуға болатынын ескертті. Ал алтын-валюта қорындағы алтын үлесінің артуы жаһандық трендке сай екенін атады.

Себебі алтын – қорғаушы актив. Әлемде тұрақсыздық күшейген кезде оның бағасы өседі. Қазір дәл сондай кезең. Бір жерде соғыс, бір жерде қақтығыс, сауда блокадалары, эмбарго. Осындай жағдайда алтын үлесін арттыру – стратегиялық тұрғыдан өте ұтымды қадам, - деп қорытындылады қаржы сарапшысы.

Бұған дейін әлемде алтын бағасы рекорд жаңартқанын айта кетейік.