Ұлттық архивте «Мәңгілік мұра» шарасы өтті
Ұлттық архивтің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, журналист, прозашы, сазгер, ақын Қадыр Әлімқұловтың жеке тек қорының ашылуына арналған «Мәңгілік мұра» атты салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шарада Қадыр Нүсіпақынұлы Әлімқұловтың жеке тек қоры ашылып, шығармашылығы насихатталып, мұралары ҚР Ұлттық архивіне өткізілді.
Қадыр Әлімқұлов қолынан қаламын тастамаған ақын, журналист. Көптеген поэзиялық, прозалық шығармалар авторы. Бүгінгі күні біздің мұрағаттан ағаның жеке қорының ашылуы - үлкен оқиға. Жеке қордың ашылуы автордың өзі үшін де, біздің қор үшін де өте маңызды. Өйткені әр-түрлі жастағы ұрпақ оны зерттеуге үлкен мүмкіндік алады. Қадыр аға қазір де қаламын тастамай еңбек етіп жатыр. Бұл қор алдағы уақытта ол кісінің жаңа еңбектермен толығады деген сенімдеміз, - деді Ғылым академиясының академигі Шерубай Құрманбайұлы.
Қадыр Нүсіпақынұлының көпшілікке белгілі «Туған ауыл», «Арман боп қалқыдың», «Көкегім» әндері республикалық радиоларда шырқалып тұрады. Одан бөлек, «Тағдыр көзіндегі тамшы», «Жан тұңғиығындағы жауһарлар», «Ғашықтық ғұмыр», «Тәуелсіздік», «Сартап сағынышым сағымданған», «Бойтұмар» өлең жинақтары оқырманның ыстық ыстық ықыласына бөленді. Драматургия саласына да дендеп енген қаламгердің «Сүзге сұлу», «Жүгініс түні жеткенде» драмасы жергілікті театр сахнасында қойылуда.
Қадыр Әлімқұлов - нағыз сегіз қырлы бір сырлы азамат. Қадыр аға тек жазушы ғана емес, өзі композитор, өзі ақын, әрі суретті де жақсы салады. Ол мықты математик, кезінде математикадан сабақ берген. Ағамыздың іздемпаздығы мен білімпаздығы кімге болса да үлгі болады, - деді механика ғылымдарының докторы, профессор Мұратбаек Арпабеков.
Шарада құнды құжаттар мұрағатқа табысталады. Оның ішінде Қадыр Нүсіпақынұлының көп жылғы еңбегі, шығармашылық әлеуетін көрсететін 5 томдық «Мәңгілік мұра» қолжазбалар жинағы да архивке тапсырылды.