Ұлттық архивте ашық есік күні өтті

Былтыр еліміздің барлық мемлекеттік архивтерінде «Архив және болашақ ұрпақ» республикалық жобасы ең алғаш рет өткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сол үрдіс жалғасын тауып, биыл да 21 қыркүйекте республиканың барлық өңірлерінде архивтердің есігі өскелең ұрпаққа ашылды.

21 қыркүйекте ҚР Ұлттық архивінде өткен ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің басшылығы, қоғам және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Ашық есік күнінің бағдарламасында Архив қызметінің бағыттары бойынша таныстыру экскурсияларын, тақырыптық фотоқұжаттық экспозициялар мен көрмелерге шолу, Қазақстан тарихын, ұлттық салт-дәстүрлерді білуге арналған конкурстар мен викториналар өткізілді, - деп хабарлайды архивтің баспасөз қызметі.

Жобаның негізгі идеясы еліміздің мемлекеттік архивтерінде түрлі жастағы балаларды кеңінен қамтитын іс-шаралар кешенін өткізу. Шамамен 9 мың оқушы контингентін қамтитын 400-ден астам түрлі форматтағы 
іс-шаралар жоспарланып отыр.

Еліміздің архивтерінде мемлекеттік сақтауда 26 млн бірлік құжаттық көздер бар, олардың ішінде мемлекетіміздің тарихи фактілері мен оқиғаларын куәландыратын аса құнды құжаттар сақтаулы. Сонымен қатар, саяси қуғын-сүргін, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы ашаршылық, жастар қозғалысының тарихы, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің қалыптасуы туралы құжаттар бар.

Былтырғы іс-шара аясында ҚР Ұлттық архивіне 500-ден астам оқушы келіп қатысып, архивтің жұмысымен танысты, құжаттардың қалай қабылданып, өңделіп, сақталатынын, ғылыми айналымға қалай түсетінін өз көздерімен көріп, еліміздің тарихынан мол мағлұмат алып шықты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ҚР Ұлттық архиві
Өзгелердің жаңалығы