"Ұлттың болашағын тоздыру ма?". Ринат Зайытов ҰБТ-ға қатысты мәселені шешуді ұсынды
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға ҰБТ-ға қатысты сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2019 жылдан бастап еліміздегі Ұлттық бірыңғай тестілеу және Педагог қызметкерлерінің біліктілігін тестілеу "Тест жүйелерін жетілдіру" деген желеумен U-STUDY секілді жеке компанияларға келісімшарт арқылы берілген. Бәлкім бұл келісімнің ар жағында шынымен жақсы ниет болған шығар. Алайда бүгін біз бұл тәжірибенің өте сәтсіз болғанын көріп отырмыз. Ол сәтсіздіктің салдарын тағы да қарапайым халық тартып отыр, - дейді депутат.
Ринат Зайытов тестілеудің бағасы екі есе өсіп кеткенін жеткізді.
Дәлірек айтсақ, келісім жасалғаннан бері ҰБТ-ның бағасы 2 240 теңгеден 5 640 теңгеге, яғни екі есеге өсті. Бұл бір. Келесі, өңірлерде 114 ҰБТ өткізу пункті жабылып, тест тапсырушыларға қосымша жол мен жатын орын шығынын алып келді. Мысалы, тест тапсыру - ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік пен қуаныш. Олар баласын қолдап, барын салып орталыққа баруға мәжбүр. Өйткені, тестілеу пунктері аяқ-жетім жерлерден алыстап кетті. Онсыз да табысынан шығыны көп халыққа, бұл тағы бір салмақ болып отыр, - деп айтты Зайытов.
Ол сол компаниялардың мемлекетке келтірген зияндарына тоқталып өтті.
Біріншісі, 2019 жылы Ұлттық тестілеу орталығының шотынан 46 млн теңгеден астам қаражат "U-FUTURE" компаниясына бағдарламаны қамтамасыз ету үшін тікелей бір көзден берілген. Алайда біздегі ақпарат бойынша қаражатқа сай бағдарламалық қызмет көрсетілмеген. Екіншісі, 15 жыл бойы сараптамадан өткен, мыңдаған оқытушылардың еңбегімен жасалған, кемінде жүздеген миллион теңге тұратын Ұлттық тестілеу орталығына тиесілі 21 мыңға жуық тест сұрақтары мен тапсырмалары өтеусіз негізде "U-FUTURE" ұйымына тегін берілген, - деп түсіндірді Мәжіліс депутаты.
Зайытовтың сөзінше, "U-FUTURE" фирмасы осы тест тапсырмаларын пайдалана отырып, педагогтер үшін ақылы негізде сынақ тестілеуін өткізіп отыр. Мұны "U-FUTURE" ЖШС-нің өңірлік тестілеу орталықтарындағы педагогтердің сынақ тестілері бойынша оңай тексеруге болады.
Үшіншіден, тест сұрақтары мен тапсырмаларының қауіпсіздігі, яғни құпиялылығы сақталмай отыр. Оған да негіз жоқ емес. Бізге келіп түскен өтініштер мен ақпараттар бойынша, кейбір өңірлерде 3 млн теңгеге дейін пара алып, серіктестік өкілдері талапкерлерге жоғары балл жинауға көмектеседі дейді. Құрметті Тамара Қасымқызы, осының барлығын көріп біле тұра Сіздер неге нақты әрекет жасамайсыздар?! Белгілі бір топтардың қалтасын халық толтырып, уәкілетті органдар олардың зиянды істеріне жол ашып отырғанын хабардарсыздар ма?! "ҰБТ" деген – Ұлттық бірыңғай тестілеу ме, әлде Ұлттың болашағын тоздыру ма? – деп сұрады Ринат Зайытов Мәжілісте.
Депутат өз ұсыныстарын оқып берді:
- Барлық тестілеу жұмысын Ұлттық тестілеу орталығына тез арада қайта беруді қарастыруларыңызды;
- Мемлекеттік мекемелер көрсете алатын қызметтерге көлденең көкаттылардың араласуына тыйым салуды сұраймыз.