Ұлттық ұлан түрік жандармериясымен кездесті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов Түрік Республикасы Жандармериясы Бас қолбасшысының орынбасары генерал-лейтенант Зафер Коч бастаған делегациямен кездесті.
Оған Қазақстан Республикасындағы Түркия Республикасы Елшілігінің ішкі істер жөніндегі кеңесшісі Исмаил Ақынтүрік те қатысты.
Кездесу барысында генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов Түркиядан келген әскерилерге еліміздегі Ұлттық ұланының құрылу тарихы мен қызметі туралы, оның негізгі функциялары мен міндеттері, даму перспективалары туралы айтып берді.
Өз кезегінде Түркия Республикасы Жандармериясы делегациясының басшысы қазақстандық әріптестеріне қонақжайлылығы үшін алғыс білдіріп, өзара тиімді ынтымақтастық жолындағы серіктестікті одан әрі жалғастыруға ниет білдірді.
Жалпы алғанда, екі ведомствоның әскери ынтымақтастық саласындағы қатынастары, әсіресе, кадрларды дайындауда жоғары деңгейде екені атап өтілді.
Қос тараптың келісімімен, келер жылы Түрік Жандармериясының әскери оркестрі Ұлттық ұланның жыл сайын өтетін «Әскери керней» әскери оркестрлер фестиваліне қатысатын болды. Сондай-ақ екі елдің арнайы бөлімшелері нұсқаушылары құрамымен тәжірибе алмасу үшін курстық даярлықты ұйымдастыру туралы келісімге қол жеткізілді.
Кездесу аясында делегация Ұлттық ұланның астаналық жедел бригадасына барып, әскери қалашық нысандарымен және инфрақұрылымымен танысты. Қонақтарға заманауи әскери техника мен қару-жарақ, жеке құрам жабдығы мен формасы, спорт залы, мәдени-демалыс орталығы, Ұлттық ұлан мұражайы таныстырылды.
Қазақстан Республикасы және Түркия Республикасының Үкіметтері арасындағы 2014 жылғы 17 маусымдағы білім беру және кадрларды қайта даярлау жөніндегі ынтымақтастық туралы хаттаманың негізінде Түркия Республикасының әскери оқу орындарында Қазақстанның әскери қызметшілерін даярлау жүзеге асырылып жатқанын айта кеткен жөн.
Содан бері Түркия Республикасының әскери оқу орындарында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланына 20 офицер даярланды және 40 курсанты дайындықты жалғастыруда. Сонымен қатар, даярлау курстарынан әр түрлі тақырыптар бойынша 77 офицер өткен.