Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының жаңа орынбасары тағайындалды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент Әкімшілігінің келісімімен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің үстіміздегі жылғы 24 қарашадағы бұйрығымен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары лауазымына полковник Константин Воронкин тағайындалды.
Бұл туралы ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі хабарлады.
Тағайындалған офицерді Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының жеке құрамына Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев таныстырды.
Ведомство басшысы Константин Юрьевичтің құқықтық тәртіп әскерінің басқару жүйесінде мол қызметтік тәжірибесі бар екенін айтып, оның ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның дамуына лайықты үлес қосатынына сенім білдірді.
Константин Воронкин қызметтік жолын Шымкент қаласында взвод командирінен бастаған. Кейін құқықтық тәртіп әскерінде техника және қару-жарақ бағыты бойынша түрлі лауазымдарда қызмет етті. 2011 жылдан бастап күні бүгінге дейін Ішкі әскерлер, бұдан соң Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында техника және қару-жарақ басқармасына басшылық жасап келді.
Ішкі істер министрінің осы бұйрығымен Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы лауазымына полковник Нұрбол Міртаев, «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары лауазымына полковник Ерлан Шөкішев тағайындалды.