Ұлттық сенім кеңесінің мүшелері марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен мемлекетіміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін Ұлттық кеңестің бірқатар мүшелері мемлекеттік наградалармен марапатталды.

2020 жылғы 14 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің хатшысы Карин Е.Т. Ұлттық кеңес мүшелеріне мемлекеттік наградаларды табыстады.

«Құрмет» ордені қоғам қайраткері, дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлына, журналист Дәурен Қуатқа және адвокат Айман Омароваға табысталды.

Қанат Нұров, Ерлан Саиров, Айдос Сарым, Андрей Чеботарев, Қайырбек Арыстанбеков және Максим Споткай «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Өз кезегінде Расул Жұмалы, Айгүл Орынбек, Марат Шибутов «Шапағат» медалімен, Саясат Нұрбек Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен, Рауан Кенжеханұлы мен Талғат Қалиев Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталды.

Сондай-ақ, Ұлттық кеңестің бұрынғы мүшелерінің де еңбектері атап өтілді, Мұхтар Тайжанға «Халық алғысы» медалі, Азаматхан Әміртаевқа «Шапағат» медалі табысталды.

Жалпы алғанда, Ұлттық кеңес қызметінің бір жарым жылға жуық уақыт кезеңінде төрт кеңейтілген отырыс өткізіліп, олардың шеңберінде елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін бірқатар маңызды бастамалар көтеріліп, жүзеге асырылды.

Бүгінгі таңда Ұлттық кеңестің бастамаларын іске асыру шеңберінде 9 Заң, 1 ҚР Президентінің Жарлығы, 3 ҚР Үкіметінің  Қаулысы, 1 ҚР Премьер-Министрінің Өкімі және 11 Министрліктердің  бұйрығы қабылданды. Сондай-ақ бірқатар нормативтік-құқықтық құжаттар, оның ішінде 7 заң жобасы, орталық мемлекеттік органдарда келісіліп, Парламент қарауына енгізілді.

Қазіргі уақытта Ұлттық кеңестің бесінші отырысына дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы