Ұлттық санақ жүргізу жөніндегі жұмыстарға 32 мыңнан астам адам тартылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық статистика бюросы хабарлағандай, уақытша жұмысқа келесі талаптарға сәйкес келетін Қазақстан азаматтары тартылады: жасы 18-ден жоғары, бастамашыл, жауапты, тез тіл табысатын, компьютермен жұмыс істей алатын адамдар қажет. Олардың жұмыс өтіліне және кәсіби біліміне талаптар қойылмайды.
Қазірг 17 аймақтан жалпы саны 85 адамнан тұратын ұлттық санақты дайындау және өткізу жөніндегі штаттан тыс бөлімдер құрылды. Барлық қызметкермен еңбек келісімшарты жасалды, дәрежелеріне байланысты 65-105 мың теңге аралығында айлық еңбекақы белгіленді. Бұл бөлімдер өз аймақтары бойынша санаққа дайындық және өткізу бойынша ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуде, уәкілдердің, нұсқаушы-бақылаушылардың және интервьюерлердің жұмыстарын бақылауда, - делінген хабарламада.Санақты дайындау және өткізу үшін аудандық орталықтардағы және ауылдық округтердегі статистиканың аумақтық бөлімшелерінде ұлттық санақты дайындау және өткізу бойынша 997 нұсқаушы (уәкілдер) жұмысқа тартылады. Уәкілдердің еңбекақысы 85 477 теңгені құрайды, сондай-ақ айлықтың 10% мөлшерінде жалақыға үстеме қарастырылған.
Нұсқаушылардың міндетіне дайындық іс-шараларын өткізу кіреді. Атап айтқанда санақтың жүргізілуін БАҚ-та жариялауды ұйымдастыру; санақ қызметкерлерін таңдау, оларды оқыту және үйлестіру бойынша ұйымдастыру жұмыстары; санақтық аудандастыруды (тіркеу, нұсқаушылық және есептік учаскелерге бөлу) құруды қамтамасыз ету; тұрғындар санағын өткізуге қатысу.
Мәліметтер жинау бойынша тікелей жұмыс үшін уақытша 32 313 санақ қызметкері: нұсқаушы-бақылаушылар және интервьюерлер тартылатын болады. Интервьюерлермен және нұсқаушы-бақылаушылармен ақылы қызмет көрсету бойынша келісімшарттар жасалады. Интервьюерлердің 1 және 2-кезеңнің жұмысына ақы төлеу толық көлемде қызмет көрсетілген жағдайда 30 күнге 83-104 мың теңгені құрайды. 1 және 2-кезеңнің нұсқаушы-бақылаушыларына толық көлемде көрсетілген қызмет үшін 45 күнге 125 014 теңге төлеу жоспарлануда.
2021 жылдың Ұлттық санағы 1 қыркүйектен 30 қазанға дейінгі кезең аралығында өтеді. Оған онлайн режимде де, сондай-ақ, дәстүрлі тәсіл арқылы да қатысуға болады.